Павлодар облысында ауыл шаруашылығының өндірісі жылдам қарқынмен дамып келеді

Павлодар облысы 9 айдың қорытындысы бойынша еліміздегі ауыл шаруашылық өндірісінің өсу қарқыны бойынша көш бастады. Бұл туралы аймақ басшысының орынбасары Мейрам Өтешов облыстағы астық жинау кампаниясының қорытындылары туралы есебі кезінде айтты.
«Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы өндірісінің өсімі 6,5 пайызды құрады. Бұл 9 айдың қорытындылары бойынша еліміздегі бірінші орын», – деді Мейрам Өтешов.
Бұл өсім өсімдік шаруашылығы өнімдерінің 9%-ға, еттің барлық түрлері бойынша 5%-дан артық және сиыр сүтінің 3,4%-ға ұлғаюы арқасында мүмкін болды.
Осы уақыт ішінде Павлодар облысында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің ақшалай эквиваленті 261 миллиард теңгені құрады. Жыл соңына дейін оны 360 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Осылайша, соңғы екі жылдың ішіндегі өсім бірден 100 миллиард теңгені құрайды.
Еске сала кетейік, биыл өңір аграрийлері 30 жылдың ішінде алғаш рет 1 миллион тоннадан астам дәнді дақылдар жинады, ал, қарақұмық астығының көлемі еліміздегі осы дақылдың жалпы астық көлемінің жартысын құрады. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов жерлестерін аталған жетістіктермен құттықтады.
Әбілқайыр Сқақов әлеуметтік желіде: «Біздің аграрийлер абсолютті рекорд орнатты. 30 жылдың ішінде олар алғаш рет шығымдылығы 30%-ға артқан 1 млн тонна дәнді дақылдар жинады. Жерлестерімді осы жетістікпен шын жүректен құттықтап, өңіріміз үшін атқарған жанқиярлық әрі табанды еңбектеріңіз үшін алғысымды айтамын!» – деп жазды.
Павлодар облысының әкімі өткен айдың басқа да оқиғаларымен бөлісті, олар туралы келесеі бейнебаяннан нақтырақ көруге болады.