21 Наурыз 14:48
...

Павлодар облысында тас жолды су басты

Тас жол
Фото: «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ

Су басқан учаскенің жалпы ұзындығы 100-150 метрге, ал су биіктігі 5-8 см-ге жеткен.

Ауа-райының бірден жылынуы мен қардың жылдам еруінен «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка» республикалық автожолының 217–218 шақырымы аралығындағы жолды су басып қалды.

«Аудандық маңызы бар тас жолдың Жаңажол ауылы мен М.Жүсіп кесенесі (Жаңажол-Ескелді) арасындағы Баянауыл ауданындағы учаскесі монолитті бетонмен толтырылған және Ащысу өзенінің арнасынан көктемгі су тасқыны кезінде еріген еріген суды табиғи түрде тасуға арналған», – деп хабарлады Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті.

Су басқан учаскенің жалпы ұзындығы 100-150 метрге, ал су биіктігі 5-8 см-ге жеткен.

«Бұл учаске төмен орналасқандықтан, еріген қар суы осы аймаққа шоғырланған. 217-шақырымда диаметрі 1×1 м болатын су өткізгіш құбыр бар, ол қазіргі уақытта ашық және тазартылған, жұмыс істеп тұр. Тасқынның ары қарай жайылуының алдын алу және салдарын барынша азайту мақсатында 200 тонна құм мен 800 қап дайындалды, сондай-ақ 1 экскаватор, 1 тиегіш, 3 самосвал, 2 жол жөндеу қызметінің техникасы және ДЭУ-60-тың 30 қызметкері қатысты», – деп жазылған «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ хабарламасында.

ТЖ қызметкерлерінің хабарлауынша, 20 наурызда бұл учаскеде өзен арнасынан жыл сайынғы қайталанатын су тасқыны басталды. Бұл елді мекендер мен жолдарға қауіп төндірмейді.

Оқиға орнында полиция патрульі, жол қызметінің арнайы техникасы да бар екені хабарланды.

Соңғы уақытта жолдағы көлік қозғалысы қалыпына келтірілген. Мамандар жағдайды тұрақты бақылауға алған.