Павлодар облысында балаларға арналған 41 киіз үй лагері ашылады
Павлодар облысында 110 мыңнан астам бала жазғы демалыспен қамтылады. Бұл бағытта кешенді жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Биыл облыста 1–10-сынып оқушыларының саны 111 309-ды құрайды. Соның 99,1 пайызын жазғы демалыспен қамту жоспарланып отыр.
Павлодар облыстық білім беру басқармасының басшысы Айгерім Әбенова өңірде мектеп жанындағы және бейіндік лагерьлер саны артқанын айтты.
«Биыл мектеп жанындағы лагерьлер саны 334-тен 356-ға дейін көбейді. Ал бейіндік лагерьлер саны 357-ден 576-ға жетті. Сонымен қатар еңбек жасақтарына тартылатын оқушылар саны 12 мыңға дейін артады», – деді басқарма басшысы.
Жазғы кезеңде өңірде қала сыртындағы 11 лагерь жұмыс істейді. Оның екеуі жыл бойы, тоғызы маусымдық форматта балаларды қабылдайды. Лагерьлер Ақсу мен Баянауыл өңірлерінде орналасқан. Жалпы бұл лагерьлерде 5338 бала демалады.
Қазіргі уақытта барлық лагерь зертханалық тексеруден өтіп, санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мамандардың айтуынша, барлық қорытынды 20 мамырға дейін дайын болады.
Биыл 356 мектеп жанындағы лагерьде 38 325 бала демалады. Оқушыларды сауықтыруға 131,5 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар 1–4-сынып оқушылары ыстық тамақпен қамтылады.
Мектептер, колледждер және қосымша білім беру ұйымдарының базасында 576 бейіндік лагерь жұмыс істейді. Жалпы қамту көрсеткіші 61 056 баланы құрайды. Сондай-ақ әр мектепте маусым айында 9–10-сынып оқушылары үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық бойынша бейіндік сыныптар ашылады.
Әлеуметтік осал санаттағы және түрлі есепте тұрған 35 389 баланы қамту жоспарланған. Оның ішінде мектеп жанындағы лагерьлер, бейіндік және қала сыртындағы демалыс орындары бар.
Бұдан бөлек, өңірде 41 шатырлы және киіз үй лагері жұмысын бастайды. Олар 4627 баланы қамтиды. Лагерьлер мектеп аумағында орналасып, туристік аймақ үлгісінде безендіріледі. Балаларға арнайы жабдықтар мен шеберлік сабақтарына арналған киімдер беріледі.
Сонымен қатар «Жолдама сыйла» акциясы аясында 3964 бала жазғы демалыспен қамтылады. Екібастұз өңірінің кәсіпорындары 2060 тегін сауықтыру жолдамасын бөледі. Ақсу ферроқорытпа зауытының қолдауымен балалар экологиялық орталықтар мен жеке лагерьлерде демалады.
Павлодар облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекова балаларды сауықтыру ұйымдары ерекше бақылауда екенін айтты.
Қазіргі уақытта лагерьлерде инженерлік желілерді тексеру, су жүйелерін залалсыздандыру, дезинфекциялау және медициналық бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр.