Патшайымның алқасы аукционға түсті

Режиссер Ақан Сатаев таспалаған «Томирис» тарихи туындысындағы патшайымның әшекейі аукционға түсті
Алматы, NEGE. Жыл сайын «Болашақ» корпоративтік қорының бастамасымен ұйымдастырылатын қысқы қайырымдылық бал аясында өткізілген аукционда рекорд орнатқан әшекей 125 миллион теңгеге бағаланды.
«Болашақ» қорының Қамқорлық кеңесінің төрағасы Динара Шайжүнісованың айтуынша, шараға келген меценаттар қайырымдылыққа өз үлестерін қосатынын айтқан. 2012 жылдан бастап дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан шараның мақсаты - ерекше қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алу мәселелеріне қоғамның назарын аударту және дарынды жастарға қолдау көрсету екен. Түскен қаражат қордың «Әр бала мектепке лайықты» және «Жол жүру гранттары» қайырымдылық жобаларына жіберіліп отырады.
Естеріңізге сала кетейік, режиссер Ақан Сатаевтың көптен күткен туындысы ағымдағы жылдың қыркүйек айында үлкен экранға жол тартқан болатын. 2,5 жыл уақыт аралығында таспаланған фильмді түсіруге бюджеттен 2 миллиард 259 миллион теңге бөлінген. Аталмыш фильмге түсуге іріктеу арқылы таңдалған Тұмар ханымның рөлін Альмира Тұрсын сомдады. Осылайша, Сатаев мырза көлемді қаржыға түсірілген туындыда тұтынған әшкейлерді капиталдың көзіне айналдырып, қайырымдылық жасағанды жөн көрді.