Патша сөздің – Фаризасы
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай еске алу кеші өтті. Айтулы шараға ақынның көзін көрген әріптестері, қаламдас достарымен қалың көрермен жиналды.
Алматы, NEGE. Адуынды жырларымен қолтаңбасын қалдырған ақын көзі тірі болғанда биыл 80 жасқа келер еді. Сағынышқа толы тағылымды кеш аясында өнер өкілдері Фариза Оңғарсынованың бір топ өлеңін оқып, сөзіне жазылған әндерді жүрекпен шырқады. Қала әкімі орынбасарының кеңесшісі Данияр Әлиев шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаевтың құттықтау сөзін оқып, гүл шоқтарын табыс етті. Сондай-ақ, көрермендер ақынның өз даусында оқылған өлеңдерін тыңдап, ерекше әсерге бөленгендей.
Фариза - поэзия әлемінде қаламгерге тән ұлтжандылық, намысқойлық және адамгершілік секілді қасиеттердің биігінен көрінген ақын. Кез келген өлеңі кейінгі ұрпақты ерлікке, туған жер мен адамзатты сүюге апаратын жол іспетті. Қазақ әдебиетіне жаңалық алып келген қаламгердің бірі. Сонымен қатар оқырманға қайрат беретін дауылпаз жырлардың да авторы. «Сандуғаш» атты алғашқы жыр жинағымен-ақ оқырманды елең еткізген. «Сұхбат», «Маңғыстау маржандары», «Дауа» сынды көптеген туындысы Фариза Оңғарсынованың ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы мен болмысын көрсетті. Айта кетейік, 2019 жылдың қыркүйегінде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Фариза» спектаклінің премьерасы қойылды. Адуынды ақынның 80 жылдығын еске алу кеші биыл еліміздің әр түкпірінде аталып өтуде. Бұл халықтың сағынышының айқын көрінісі. Шыншыл да сыршыл өлеңдерімен жұрттың жүрегіне жол тапқан поэзия падишасының шығармашылығы өлмек емес.
Қазір оқып жатыр
Тоқаев: Қазақ тілінің мәртебесі төмендеді деп байбалам салудың қажеті жоқ
«Масылдық ұғымынан біржола арылу қажет»: Президент дотацияға сеніп отыратын әкімдерді сынады
«Ересектермен бірдей жазаға тартылады»: ІІМ ата-аналарға ескерту жасады
«Кастетпен ұрған»: Таразда тоғызыншы сынып оқушысын жеті қыз жабылып соққыға жыққан