Пәтерді босатпай, иесін соққыға жыққан: Астанада 22 жастағы жігіт қамалды
Астанада жалға алған пәтерінен уақытында шықпаған 22 жастағы жігіт үй иесін ұрып, балағаттаған. Сот оны 30 тәулікке қамауға алды.
Астана, NEGE. Елорда полициясының мәліметінше, жігіт жалдау мерзімі аяқталғанына қарамастан, пәтерді босатпаған. Осыдан кейін үй иесімен арада жанжал шығып, ол әйелге қол көтерген.
Оқиға түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде тарады. Полиция жігітті анықтап, ұстады.
Сот оны балағат сөздер айтып, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 30 тәулікке әкімшілік қамауға алды. Ал әйелді ұрып-соғу дерегі бойынша денсаулыққа қасақана зиян келтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жалғасып жатыр.
Пәтер жалдау туралы заңда не өзгерді?
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда тұрғын үйді жалға беру тәртібіне қатысты заңнамалық өзгерістер күшіне енді.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, жалдау мерзімі аяқталғаннан кейін жалға алушылар пәтерді босатуға міндетті. Егер олар кетуден бас тартса, үй иесі сотқа жүгіне алады.
Ал жалдау шартында нақты мерзім көрсетілмесе, оны тоқтату тәртібі үй иесінің сол баспанада тұруына байланысты анықталады. Үй иесі бұл пәтерде тұрмаса, жалға алушыны кемінде үш ай бұрын ескертуі керек. Ал өзі тұратын баспананың бір бөлігін жалға берген жағдайда бір ай бұрын ескерту жеткілікті.
Заң бойынша пәтерді жалға беру туралы келісім жазбаша жасалады.