Парламент мемлекеттік қызметшіге сыйлық сыйлауға тыйым салатын құжат қабылдады
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша құжатқа Сенат енгізген толықтырулармен келісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасын Парламент Мәжілісі 2020 жылғы 3 маусымда мақұлдаған. Сенат енгізген өзгерістер Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасын өзгертпейді және мазмұнын нашарлатпайды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінен түзетулерді алып тастау – осы кодекске жеке заңмен ғана өзгерістер немесе толықтырулар енгізуді талап ететін норманың 2020 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енуіне байланысты. Бас комитеттің отырысында келіп түскен өзгерістер жан-жақты қаралды. Осыған орай Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Сенат енгізген өзгерістермен келісуді ұсынады», - деді депутат Жанат Жарасов. Бұдан бұрын хабарланғандай , биыл 17 қыркүйекте Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқылады. Құжатқа толықтырулар енгізілгендіктен, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды. Заң жобасының негізгі міндеті – сыбайлас жемқорлық көріністерінің жүйелі түрде алдын алу жөніндегі қосымша шараларды енгізу. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшіге құны қандай да болсын сыйлықтар сыйлауға тыйым белгіленеді. Сондай-ақ өзіне сыбайлас жемқорлық шектеулерін қабылдайтын адамдардың отбасы мүшелеріне материалдық сыйлықақы, сыйлықтар немесе көрсетілетін қызметтер қабылдауға тыйым енгізіледі.
Қазір оқып жатыр
Абай облысында жүргізуші куәлігін алуға көмектескен лауазымды тұлғалар ұсталды
30 маусымда қос Палатаның бірлескен қорытынды отырысы өтеді
«Van Cleef алқасын, Dior сөмкесін пара ретінде алған»: Кореяның экс-бірінші ханымы тағы 7 жыл арқалады
Бейбіт Құсайынов: Қазақстанда екінші орын алсаң, «бірінші орын алдым» деп есептей беруге болады