USD
USD
USD

«Парковочное пространство Астаны» ЖШС ақылы автотұраққа қатысты жауап берді

5 қазан күні Nege.kz порталында «Ақылы автотұрақ Көлгіновтің кеңірдегінен қысып тұр» деп аталатын мақала жарияланған. Онда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен «Парковочное пространство Астаны» ЖШС арасындағы дау Президент әкімшілігі мен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа дейін жеткенін жазғанбыз.

«Парковочное пространство Астаны» ЖШС ақылы автотұраққа қатысты жауап берді
Фото: NEGE.kz

Кеше аталған мақалаға байланысты редакцияға «Парковочное пространство Астаны» ЖШС басшысы Ш.Досыбаевтан төмендегідей жауап келді:

«Аталған мақала бойынша төменде көрсетілген келіспеушіліктерді жолдаймыз.

1. Мақалада тұрақ орны үшін төлем сомасы күніне 2400 теңгені және сәйкесінше айына 72 мың теңгені құрайды деген мәлімдеме бар.

Аталған мәлімдеме шындықпен толықтай жанаспайды, себебі тұрақтың 1 сағаты үшін алым мөлшері 100 теңгені құрайды және бұндай алым мөлшері Астана қаласы әкімдігінің «Астанада көлік құралдарын орынтұраққа қойғаны үшін ақы алуға және олардың орынтұрақта тұрған уақытын есептеуге арналған сертификатталған арнайы құрылғылармен жабдықталған орында тарифті айқындау туралы» 2016 жылғы 22 желтоқсанда №108-2602 қаулысына сәйкес белгіленген.

Бұған қоса, тұрақтарды пайдалану үшін алынатын ақы тек таңғы сағат 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейінгі уақыт аралығында ғана жүзеге асырылатындығын және демалыс күндері тұрақты пайдалану үшін ақы алынбайтындығын хабарлаймыз.

Сонымен қатар үйлері ақылы тұрақ аймақтарына жақын орналасқан тұрғындар үшін Серіктестік тарапынан резиденттік абонементтер жүйесі әзірленген. Резиденттік абонемент, құжаттарды тиісінше рәсімдеген жағдайда, тұрғындарға айына 1 500 теңгеге ақылы аймақтарда өз көлік құралдарын тұраққа қоюға құқық береді.

Жеңілдік санаттағы азаматтар үшін ақылы тұрақ кез келген жерде тегін екенін де еске саламыз.

Осыған орай, тұрақ орны үшін төлем сомасы күніне 2400 теңгені және сәйкесінше айына 72 000 теңгені құрауы мүмкін еместігін ескертеміз.

2. Мақалада ақылы тұрақ кеңістігін құру, пайдалану және басқару жобасы бас шаһардың бұрынғы әкімі Әсет Исекешов пен Серіктестік арасындағы шартқа сәйкес пайда болғандығы және соған орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімі А.Көлгіновтің жобадан бас тартуға мүмкіндігінің жоқтығы және аталмыш тұрақтарды халық пайдасына шешу тек Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың ғана қолынан келетіндігі көрсетілген.

Аталмыш мәлімдеме толықтай шындыққа сәйкес келмейді, оған келесідей бірнеше себеп бар:

Біріншіден, ақылы тұрақ кеңістігін құру, пайдалану, және басқару жобасы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасы және ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасы негізінде пайда болды. Яғни аталған бастама мен тапсырманы іске асыру мақсатында Серіктестік пен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі ортасында жоба бойынша мемлекеттік жеке меншік әріптестігі туралы шарт жасалды.

Екіншіден, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 9 қазанда №114-1352 қаулысымен бекітілген «Нұр-Сұлтан қаласының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасының іске асырылуы туралы есебіне сәйкес қала бойынша ақылы тұрақ кеңістігін құру, пайдалану және басқару аясында ақылы тұрақтар санын ұлғайту көзделген.

Осыған орай, Нұр-Сұлтан қаласының дамуына бағытталған аталмыш құжаттардың өзекті мәселелерінің бірі ақылы тұрақтар санын ұлғайту екендігін ескертеміз.

Үшіншіден, ақылы тұрақ кеңістігін құру, пайдалану және басқару жобасын жүзеге асыру мемлекет тарапынан ешқандай шығындарды қарастырмайды. Аталмыш жоба тек Серіктестік қаражат есебінен жүзеге асырылады және оны жүзеге асыру жергілікті бюджетке қосымша кірістерді алып келетіндігін мәлімдейміз.

Төртіншіден, Серіктестік аталған жобаға тек қана оператор ретінде қатысатындығын және бұл жоба оның бастамасымен пайда болмағандығын ескертеді.

3. Мақалада «тұрақ үшін ақша жинайтын компания көліктердің бүтіндігіне ешқандай жауапкершілік алмайды және көлігіміз далада қараусыз тұрғаны үшін ақшаны «ауаға» төлеуге міндеттеп қоймақ» делінген.

Аталған жоба Астана қаласы әкімдігінің 2015 жылы 21 қазандағы №108-1875 қаулысымен бекітілген «Астана қаласы аумағында  коммуналды ақылы автотұрақтарды (паркингтерді) пайдалану қағидаларының» талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

Жоғарыда көрсетілген қағида талаптарына сәйкес ақылы автотұрақтарды пайдаланғаны үшін пайдаланушылар көліктерінің бүтіндігін сақтау міндеті қарастырылмаған.

Осы орайда, қағида талаптарына сәйкес аталмыш жобаның басты мақсаты көліктердің бүтіндігін сақтау емес, жол желісіндегі кептелістерді азайту, машина өтімділігін ұлғайту және жол қозғалысының барлық қатысушыларына жайлылықты қамтамасыз ету болып табылады.

4. Мақала келесіні жариялайды: «Құжаттарға қол қойған бұрынғы әкімнің есебі түгел. Ұйқысы тыныш. Қазір қауіпсіздік кеңесінде хатшы. Ал Алтай Көлгіновтің басы қатып жүр. Әкімдердің бір-біріне қалдырған осындай «түйткіл-сыйлары» ұдайы жабулы қазан күйінде қалып келеді».

Ақылы тұрақ кеңістігін құру, пайдалану және басқару жобасы жоғарыда көрсетілген тапсырмаларға және баршамызға міндетті нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылуды.

Осыған орай, аталмыш жобаны толықтай жүзеге асыру Алтай Көлгіновке дейін болған әкімнің жасаған іс-әрекеттерінің салдарына мүлдем байланысты емес.

Сонымен қатар, жоғарыда көрсетілген тапсырмалар және баршамызға міндетті нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес Алматы қаласында да дәл сондай жоба жүзеге асырылып келе жатқандығын ескертеміз».

Қазір оқып жатыр

«36 айлық көлемінде бонус алған»: QazaqGaz жауап бер(ме)ді

.

️Ресей Қазақстан мұнайын Германияға тасымалдауды тоқтатады: министр мән-жайды түсіндірді

Мұнай

Талғарда 20 жастағы жігіттің өліміне күдіктілер ұсталды

Әнаур Мұсаев

«Халықты адастыру»: депутат ІІМ-ді қатаң сынады

Қару