29 Қаңтар 16:32

Париждегі Grand Slam: Бас бапкер дзюдошылардың дайындығы туралы айтты

Grand Slam, дзюдошылар
Фото: Olympic.kz

Дзюдодан Қазақстан командасы ертең Парижде өтетін әлемдік Grand Slam турниріне ұшып кетеді. Осы орайда, ерлер командасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов сұхбат берді, деп хабарлайды Olympic.kz.

Алматы, NEGE. Қазақстандық дзюдошылар маңызды турнирлер қарсаңында екіге бөлінді. Бірінші топ Португалияда өткен Гран-при турниріне қатысса, екінші топ Париждегі Grand Slam додасына аттанбақ.

"Спортшылар олимпиадалық маусымға тас-түйін дайындалды. Ертең Париждегі жарысқа ұшамыз. Бұл бәсеке оңай болмасы анық. Әлемнің ең мықты деген балуандары қатысады. Біздің командамыз жаттығу жиынын өткізді. Енді олимпиадалық рейтингтегі жағдайды жақсартып, мейілінше көбірек ұпай жинасақ деген мақсатымыз бар", - деді бас бапкер.

Grand Slam турниріне қатысатын спортшылар қатарында екі дүркін Олимпиада жүлдегері, әлем чемпионы Елдос Сметов те бар.

"Елдос жеке жоспар бойынша жаттықты. Бұған басшылық рұқсат етті. Тек қана Сметовтің бөлек, өз бапкерімен жаттығуына мүмкіндік берілді. Мұны министрлік деңгейінде шештік. Елдос Ресейде жаттығып келді. Бізбен бірге Париж қарсаңындағы соңғы жиынға қатысты", - дейді Сүлейменов.

Сондай-ақ, бас бапкер өзінің жеке шәкірті Абиба Әбужақынованың Португалия Гран-приіндегі көрсеткішіне қатысты пікірін жеткізді.

"Абиба былтыр осы турнирде топ жарып еді. Биыл қола медаль иеленді. Оның біраз уақыты жарақатын емдеуге кеткенін ескерсек, жаман нәтиже емес. Абиба көптен күреспегесін, жарыс ырғағынан шығып қалыпты. Соны байқадым. Бұлай болуы заңды да. Осыған дейінгі турнирлерде жарақатымен күресіп келген. Енді жағдайы реттелді. Тағы бір айта кетерлігі, олимпиадалық маусым болған соң, Гран-при турнирлеріне де әлемнің мықты спортшылары қатысуда. Өйткені, бәрі де Олимпиадаға ұпай алуды көздейді. Сондықтан, бұл маусымда Гран-при турниріне қатысушылардың құрамы өте мықты болады", - деді бапкер.

Сөз соңында Нұрбол Сүлейменов Португалиядағы Гран-при турниріне қатысқан тәжірибелі балуандар Жансай Смағұлов пен Ислам Бозбаевқа тоқталды.

"Жансай 31-де. Ислам 33 жаста. Екеуі де ұлттық құрамада он жылдан артық тер төгіп келеді. Дайындықтары да жақсы. Оларды қарсыластарының басым бөлігі танып алған. Бұл да әсер еткен шығар", - деді бас жаттықтырушы.