28 Тамыз 12:13

Париж Олимпиадасының қорытындысына арналған алқа отырысы өтті

Олимпиада
Фото: gov.kz

Отырысқа Президент Әкімшілігінің, Үкімет аппаратының, депутаттық корпустың өкілдері, сала ардагерлері, Олимпиада жүлдегерлері, құрметті бапкерлер, өңірлік басқармалардың, федерациялардың, ведомствоға бағынысты ұйымдардың басшылары, сонымен бірге БАҚ өкілдері қатысып отыр.

Алматы, NEGE. «Біздің спортшылар Олимпиадаға 25 спорт түрінен қатысты. Соның бесеуінен медаль алды (алтын – дзюдо, күміс – бокс, спорттық гимнастика, грек-рим күресі, қола – дзюдо, бокс, нысана көздеу). Жалпы 87 мемлекет Парижде жүлдеге ие болды. Қазақстан командалық есепте 43-ші орында (1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль). Елдос Сметов дзюдо бойынша Қазақстаннан шыққан алғашқы Олимпиада чемпионы атанды. Нариман Құрбанов тарихи медаль жеңіп алды. Ол – ел тарихында спорттық гимнастикадан жүлде алған тұңғыш спортшы. Нысана көздеуден Ислам Сәтпаев пен Александра Ле қола жүлдегер атанды. Аталған спорт түрінен 1996 жылғы Атланта (АҚШ) Олимпиадасынан кейін алғаш рет медаль алдық»,- деді Ермек Маржықпаев.

Ермек Маржықпаев міндеттемелерге сәйкес еркін күрес командасы қола медаль алуға уәде бергенін атап өтті. Алайда спортшылар ширек финалға өте алмай, бірінші айналымнан шығып қалды. Тіпті медаль жеңіп алу жағынан ең сәтсіз деген Токио Олимпиадасында қола медаль болған еді.

«Тарихта алғаш рет әйелдер күресінен спортшылар Ойындарға қатысқан жоқ. Бұрын бізде дәстүрлі түрде жақсы позициялар болған», - деді министр.

Ермек Маржықпаев өңірлердің жағдайына тоқталды.

«Ұлттық құрамаға 17 өңірдің спортшылары кірді. Алматы (17), Астана (14) және Шымкент (12) өкілдері көп жолдамаға ие болды. Ал Қостанай, Ұлытау және Маңғыстау облыстарының спортшылары бірде-бір лицензия алған жоқ. Жүлдегер спортшылар келесі облыстардан шықты: Жамбыл облысы (алтын – Сметов Е.), Алматы қаласы (күміс – Н. Құрбанов, 3 қола: Ғ. Қырғызбаев, Н. Қызайбай, И. Сәтпаев және А. Ле), Астана қаласы (күміс –Н.Оралбай), Алматы облысы (күміс – Д. Жадыраев)», - деп атап өтті министр.