13 Сәуір 10:37

Пара алған көлік инспекторлары 6 жылға сотталды

Фото:

Петропавл қалалық соты 100 мың теңге пара алған көліктік бақылау инспекциясының екі бас сарапшысына үкім шығарды, деп хабарлайды Қазақпарат. 

Алматы, NEGE. Петропавл қалалық сотының мәліметінше, былтыр 21 сәуір күні облыстың көліктік бақылау инспекциясының Б. және С. деген бас сарапшылары Петропавл-Мамлютка автожолының көлік басқару пунктіне тәуліктік ауысымға түскен. Жұмыс барысында олар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің біріне тиесілі транзиттік Камазды тоқтатып, 100 мың теңге пара талап еткен. Сол үшін инспекция мамандары жүк көлігінің кедергісіз жүріп-тұруына жағдай жасамақ болған.

Айыпталушылар Б. және С. тағылған айыптарға қарсылық білдірмей, өз кінәларын толық мойындады және жасаған ісіне шын көңілден өкініш білдірді. Қылмыстың бұл түріне 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру жазасы көзделген. Сот Б. және С.-ның өз кінәсін толық мойындап, шын көңілмен өкініш білдіруін жазаны төмендететін жағдай деп таныды. Ал адал қызмет етуге ант қабылдаған адамның қылмыс жасауы ауырлататын жағдай ретінде қабылданды. Петропавл қалалық соты Б. және С.-ны мемлекеттік қызметте өмір бойына қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айырды.

Тегтер: