Өзекті өртеген орман өрті: Австралияда 500 млн жануар қырылды
Екі айдан бері Австралия орман өртін ауыздықтай алмай жатыр.
Алматы, NEGE. Орман өрті бүтін бір материкті шарпыды. Екі ай бойы өртті сөндіру мүмкін болмай отыр.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары тұрғындарға үйлерінен шығуға, жол жүруге тыйым салынғанын жазды. Бүгінде бұл жақтағы ауа сапасы қауіпті межеден 26 есе төмендеп кеткен.

Елдегі барлық адам өрт сөндіруге атсалысып жатыр. Австралия премьер-министрі Скотт Моррисон өрт сөндіру үшін қосымша 3000 әскеридің жұмылдырылғанын айтты. Ал қорғаныс министрі Линда Рейнольдс ел үкіметі бұрын-соңды болмаған төтенше режимге көшкенін жеткізді. Өрттің түтіні Жаңа Зеландияға жеткен. Тұрғындар мен туристерді қауіпсіз аймаққа көшіру басталды. Екі штатта Төтенше жағдай жарияланды.

Өрт жалынының биіктігі 12 метрден асқан. Соңғы ақпараттарға сәйкес, орман өртінен жануарлардың 24 түрінің 500 миллион басы өлген. Оның 8000-нан астамы коала аюы.

Тілсіз жау Австралия орманының 5,5 миллион гектарын шарпыған. Ел тұрғындарының 1400-ден астам баспанасы отқа оранды. Ал өрттен шыққан улы-газды түтінен 10 миллионнан астам адам зардап шегіп жатыр. Бүгінге дейін өрт салдарынан 24 адам қаза болған. Олардың үшеуі өрт сөндіруші.