8 Тамыз 17:31
...

Ойхон ханым. Өзбек президентінің жары Зироатхон Хошимова жайлы не білеміз?

Өзбекстан
Фото: Фото: ғаламтордан

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мемлекеттік сапармен Қазақстанға келді. Алайда Өзбекстанның бірінші ханымы көзге түспеді. Мұның екі себебі бар. Біріншісі – Қазақстанда бірінші ханым жоқ, егер Өзбекстан президенті жұбайын ертіп келсе, дипломатияға томпақ келуі мүмкін. Екіншісі – менталитет. Орталық Азия басшылары жұбайларын мемлекеттік сапарларға көп ерте бермейді. Дегенмен де біз өзбектің бірінші ханымы Зироатхон (Мирзиёева) Хошимоваға аз-кем тоқталғанды жөн көрдік. 

Маусым айында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Оңтүстік Корея халқының бірінші ханымының сұлулығы жайлы барлық басылым жарыса жазған-ды. Осы жолы Қазақстанға ат басын бұрған Шавкат Мирзиёевтің жарының да келісті сымбаты кәрістердің сұлу ханымынан кем түспейді.

Хошимова
Оңт.Корея ханымыман, Фото: әлеуметтік желіден

Орталық Азия мемлекет басшыларының әйелдері «бірінші ханым» мәртебесіне қарамастан, ерінің артында, ел көзінен тасада жүргенді құп санайды. Олардың бойында шығыс сұлуларына тән мейірімділік пен биязылық бар. Өзбекстанның бірінші ханымы да дәл солай.

Түркия елінің президенті мен бірінші ханымы
Түркия елінің президенті мен бірінші ханымы

Ол ұзақ уақыт еріне тілеулес болып, бала тәрбиесімен айналысқан. Десе де, 60-тан асса да жас көрінетін Зироатхон ханым сұлулығымен, өзіне үйлесімді киіне білетін талғамымен елінің ықыласына бөленіп үлгерді.

Оқи отырыңыз: Президенттер портреті. Мирзиёев. «Шавкат акя»

Ендеше, өзге елдің бірінші ханымдарынан кем түспейтін тартымдылығы бар өзбек ханымы жайлы аз-кем мағлұмат ұсынбақпыз. Өзбектің шырайлы ханымы жайлы не белгілі?

Зироатхан Хошимова
Фото: әлеуметтік желіден

Зироатхан Хошимова Өзбекстанның Қоқан қаласында 1957 жылы 4 желтоқсанда дүниеге келген. Оны кішкентайынан үйіндегілер Ойхон деп атаған. Белгілі болғандай, ол қызыл сирақ, қысқа қолды әулеттің қызы емес. Өзбекстанның бірінші ханымы беделді, діндар отбасыдан шыққан. Әкесі Махмуджон Орталық Азия темір жолының жабдықтау бөлімін басқарған. Махмуджон Хошимов Ферғана өңірінің өте бай адамы болған деседі. Кейбір мәліметтерге қарағанда, бірінші ханымның отбасы Өзбек КСР-ден КСРО-ның басқа одақтас республикаларына жеміс-көкөніс жөнелтетін және өнеркәсіптік тауарларды кері тасымалдайтын вагондарға иелік еткен. Бұл кәсіп әулеттің байлығын еселей түскен.

Хошимова мамандығы бойынша инженер-экономист, Ташкенттегі ирригация және мелиорация институтында оқыған. Зерек Зироатхан болашақ жары, Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзиёевті де дәл осы жерде жолықтырады. Шавкат Мирзиеев университетте сабақ беріп, комсомол ұйымдастырушысы болса, Хошимова үздік студенттердің бірі болатын. Сол кезде олардың махаббатына көпшілігі тәнті еді, сырттарынан жұрт сүйсіне қарайтын жұп атанады. Шахановша айтқанда: «Екі парасатты, пайымды адамның сана биігінде жолығуы. Мұндай махаббат – тек ұлы тұлғаларда ғана болады».

Шавкат Мирзиеев пен Зироатхан Хошимова жас кезі
Шавкат Мирзиеев пен Зироатхан Хошимова, Фото: жеке мұрағатынан

Алайда екеуінің махаббаты бірден баянды бола қоймаған. Зироатхонның туыстары олардың қарым-қатынастарын құптамай, шаңырақ көтерулеріне үзілді-кесілді қарсы шығады. Әсіресе, өз атасы мен әжесі қарсылық танытқан екен. Алайда, айтқан сөзінен қайтпайтын бірбеткей Шавкат Мирзиеевтің қыңырлығының арқасында жастар некелерін қиып, отбасын құрады.

Отбасы
Фото: отбасылық мұрағаттан

Бір қызығы, Зироатхон Хошимова Мирзиёевтің некелі жары атанса да өз тегінде қалады. Кейбір дереккөздерінің мәліметінше, бірінші ханым осылайша әкесі Махмуджонды жұбатпақ болған.

Зироатхон Шавкат
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Өзбекстанның бірінші ханымы дүниеге 3 бала алып келген, олардан алты немересі бар. Үлкен қызы Саиданы студент кезінде босанады. Одан кейін Шахноза есімді қызы, бертін келе Мирәлішер атты ұлы дүниеге келеді. Саида Мирзиёева 2023 жылдың тамызынан бері президенттің көмекшісі және Өзбекстандағы екінші тұлға. Шахноза Мирзиёева – Ұлттық әлеуметтік қамсыздандыру агенттігі директорының бірінші орынбасары.

Мирзиёевтер отбасы
Мирзиёевтің отбасы, Фото: әлеуметтік желіден

Бірінші ханым өзбек, орыс және ағылшын тілдерінде жақсы сөйлейді. Хошимова күйеуі ел президенті атанғанға дейін тасада жүрді. Тіпті ол ресми сапарлардан немесе қоғамдық шаралардан көрінбейтін. Ол ел алдында бой көрсетуді жөн санамаған сыңайлы. Бәлкім, еріне кесірі тиіп кетер деп ойлаған болар? Оған себеп те жоқ емес. Өйткені Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың тұсында барлық шенеунік пен олардың жақын туыстары бірінші тұлғаның көлеңкесінде болды. Тіпті премьер-министр лауазымын атқарған Шавкат Мирзиеевтің өзі де көзге көп түсе бермейтін. Сол кезеңдегі өзбек элитасы танымалдылыққа ұмтылғандарға Каримовтың қаһары қандай болатынын жақсы білді.

Зироатхон Хошимованың есімі 2016 жылдары атала бастады. Шавкат Мирзиёев ел билігін тізгіндегенде ғана Ойхон ханым жұрт алдына шықты. Зироатхон Хошимова қазір әлеуметтік желідегі парақшасын белсенді жүргізеді. Күйеуі Шавкат Мирзиёевпен бірге мемлекеттік сапарларға шығып, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласады.

Зироатхонның алғашқы сапары
Зироатхонның алғашқы мемлекеттік сапары, Фото: ғаламтордан

Оның айналасындағылар ханымның көпшіл, досқа адал екенін айтады. Ғылымға, білімге, әдебиетке, өнерге айтарлықтай ден қоятын Ойхон ханым, айналасындағылармен тез тіл табысып кететін көрінеді. Мәселен, Зироатхон Хошимова Катарда өткен 11-халықаралық инновациялар саммитіне қатысып, Өзбекстанның өзге елдермен білім саласындағы ынтымақтастығын арттыруға ат салысты.

өзбекстан
Фото: Zamin

2020 жылы ол денсаулық сақтау мен білім беруді дамыту, сондай-ақ халықты әлеуметтік қорғауға бағытталған бірқатар қайырымдылық жобаларды жүзеге асыратын Zamin халықаралық қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы болды. Қордың мақсаты – елдің тұрақты дамуына және халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға жәрдемдесу.

Оқи отырыңыз: Сұлулық әлемді құтқарады: Әлемдегі ең әдемі бірінші ханым кім?

Қор 3 бағыт бойынша ұзақ мерзімді, стратегиялық маңызды және тұрақты жобаларға бағытталған:

– қоршаған орта;

–  әлеуметтік сала;

– қайырымдылық шаралар.

Zamin
Фото: Zamin

Өзбек тілінен аударғанда Zamin қорының атауы «іргетас, платформа және өсу мүмкіндігі» деген мағынаны білдіреді. Қор әлеуметтік және экологиялық саладағы өзекті мәселелерге көбірек назар аудару үшін ұлттық және халықаралық деңгейде бірқатар іс-шаралар өткізеді.

Оңтүстік Корея президентімен
Оңт. Корея президентінің Өзбекстанға сапары

Зироатхон Хошимова өзіндік киім кию үлгісімен де ерекшеленеді. Оның гардеробында классика басым. Бірінші ханымның іскерлік костюмдері мен ұзын көйлектері мінсіз мүсініне құйып қойғандай жарасымды. Оның киім кию үлгісін сән сарапшылары АҚШ-тың 35-президентінің әйелі Джаклин Кеннедидің стиліне ұқсатады.

Джаклин Кеннеди
Джаклин Кеннеди, Фото: ғаламтордан

Ол әрдайым еуропалық стильді, орташа реңктегі түстерді, сәнді костюмдерді талғаммен үйлестіре біледі. Сонымен қатар өзбектердің ұлттық киіміне де үлкен құрметпен қарайды. Оны өзіне үйлестіре киген кестелі киімдерінен анық байқауға болады. Өзбекстанның бірінші ханымы еуропалық әсемдікпен үйлесетін шығыс сұлулығымен ерекшеленеді.

Кейбір дереккөздердің мәліметінше, Ойхон ханымның ықпалы күшейгені соншалық, қыздарының және күйеубалаларының билікке келуіне себепші болған, сондай-ақ ол Өзбекстан билігіндегі кадр тағайындау мәселесіне де жиі араласып тұрады.