Өзбекстандық профессор Қазақстанда тыңшылық жасады деген айыппен 10 жылға сотталды
Астанадағы Maqsut Narikbayev University-де сабақ берген 46 жастағы өзбекстандық ғалым Икболжон Корабоев Қазақстанда тыңшылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Астана, NEGE. Бұл туралы «Азаттық Азия» ғалымның туыстарына сілтеме жасап хабарлады.
Туыстарының мәлімдеуінше, сот процесі іс материалдарында құпия деректердің болуына байланысты жабық түрде өткен. Ғалымның жақындары сот үкімін соттан немесе ресми органдардан емес, өздерінің дереккөздері арқылы білген.
Қазақстан мен Өзбекстанның ресми органдары әзірге үкімге қатысты түсініктеме берген жоқ.
Туыстары тергеу және сот материалдарымен таныса алмағанын, үкімнің көшірмесін де алмағанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, барлық ақпарат «Аса құпия» деген белгімен жабылған. Сондай-ақ туыстары ғалымның қай мемлекеттің мүддесіне жұмыс істеді деп айыпталғанынан да хабарсыз.
Еске салсақ, Өзбекстандық профессор Икболжон Корабоев биыл шілде айында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 176-бабы бойынша тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталғанболатын.
Ғалым Астанада әйелімен және кәмелетке толмаған үш баласымен тұрып жатқан. Туыстарының мәлімдеуінше, 3 шілдеде азаматтық киіммен келген бірнеше адам оған тыңшылық жасады деп айыпталғанын хабарлап, Астанадағы үйінен алып кеткен.
Корабоев Орталық Азиядағы өңірлік интеграция, геоэкономика және стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбаларды зерттеген. Әріптестерінің айтуынша, ол ғылыми еңбектерінде ашық дереккөздердегі ақпаратты пайдаланған.