Өзбекстандағы Қазақстан медицинасы күндері
Бүгін Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында Ташкентте Өзбекстандағы Қазақстан медицинасының күндері басталды. Екі күндік шараға еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бастаған 70-тен астам делегат, Үкімет өкілдері қатысуда.
Шара мақсаты – Өзбекстан мен Қазақстан денсаулық сақтау жүйелері арасындағы ынтымақтастықты күшейту, медициналық ұйымдар арасындағы әріптестікті нығайту, екі елдің азаматтарына медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету.
Алматы, NEGE. Форумға Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрайымы Риза Боранбаева, Педиатрия блогының басшысы Гүлнар Абдилова, ғылыми орталықтың ең мықты, жоғары санатты хиругтары: Хирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Ахпаров пен Онкология бөлімінің меңгерушісі Бахрам Жұмаділлаев қатысты. Пленарлық мәжілісте Педиатрия орталығының басшысы Р.Боранбаева «Қазақстандағы Педиатрия — мүмкіндіктері мен келешегі» тақырыбында баяндама жасады.
Бірінші күннің аясында форум және қазақстандық медицина жетістіктерінің көрмесі өтіп, медицинада қолданылатын инновациялар мен озық технологиялар таныстырылды. Ертең Ташкенттегі жетекші медициналық ұйымдарда шеберлік сыныптары мен консультациялар өткізіледі. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының жетекші мамандары шеберлік сабақтарын өткізіп, Өзбекстан азаматтарына тегін медициналық кеңес берді. Орталықтың дәрігерлері мен Өзбекстанның аймақтық мамандары үшін арнайы сүйек кемігін трансплантациялау нәтижелері туралы баяндама жасап, Педиатрия орталығының қызметімен таныстырды.
Кездесу барысында Педиатрия орталығының дәрігерлері Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігі Гематология және қан құю ғылыми-зерттеу институтының гематология және онкогематология бөлімімен танысып, ауыр жағдайда жатқан балаларды қарап, кеңесін берді.