«Өзбекстанда сіз айтқан LRT-ның бар-жоғын білмеймін» – Астана әкімі
Бүгін Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар орталығында брифинг өткізіп, Елорданың әлеуметтік-экономикалық жағдайы бойынша есеп берді.
Брифингте Астана әкімі NEGE тілшісі қойған сұрақтарға жартылай жауап берді.
Жуырда Өзбекстанда 35 стансасы бар 55 шақырымдық LRT іске қосылды. Оның жалпы құны – 422 млн доллар. АҚШ пен Оңтүстік Кореядағы ЛРТ құны да осы шамалас. Ал Астанадағы бар-жоғы 18 стансалық ЛРТ құрылысының құны 2 млрд долларға жуық.
- Оқи отырыңыз: Әкімдер портреті. Қасымбек. «Арбаның артқы дөңгелегі»
Мұның себебі неде? Біздегі жобаның құны неліктен бірнеше есе қымбат? NEGE тілшісі бұл сұрақтарды Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекке қойды.
«Өзбекстанда сіз айтқан LRT-ның бар-жоғын білмеймін. Өзбекстандағы – LRT емес. Қателеспесем, электр пойызы сияқты. Біз де қаражатты басқа елдермен салыстырғанбыз. Жалпы, біздегі 1 шақырымның құны басқа елдермен бірдей. Керек десеңіз, қолымыздағы бар ақпаратты сіздерге беруге дайынбыз», – деп жауап берді Жеңіс Қасымбек.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Махмұдұлы Елордадағы құрылыс жобасының құны өзге елдермен шамалас екенін айтады. Ендеше, әкім уәде еткен ақпаратты күтеміз. Әкімнің айтуынша, LRT 2026 жылдың басында жұмысын бастамақ.
Былтыр жыл басында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің өзі Ташкенттегі жер бетіндегі метро жұмысымен танысып, марқайып қайтқан.
«Егер бұл құрылысты дер кезінде бастамасақ, қаланың транспорт жүйесін бей-берекетсіздік жайлаған болар еді, – деген сонда Ш.Мирзиеев.
Ал Ташкенттегі жобадан ерте басталған біздегі LRT тек 2026 жылдың басында ғана жұмысын бастамақ. Мұны Астана қаласының әкімі Ж.Қасымбектің өзі айтты.
«Келесі жылы жаздың ортасына дейін станциялардың құрылысы бітеді. Сондай-ақ келесі жылдың күздің ортасына дейін пойыздар келеді деп жоспарлануда. 2026 жылдың басында LRT жұмысын бастайды», – деді Астана әкімі.
Естеріңізде болса, 2023 жылдың басында президент Тоқаев LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше тездетіп аяқтауды тапсырған болатын.
«LRT жобасы негізінен қате болды. Бірақ қазіргі таңда басқа амалымыз жоқ, бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал балама жобалар жоқ. Әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, Астананың көлік жүйесін дамытуға арналған кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырамын», – деген еді Мемлекет басшысы.