Өзбекстан билігі ірі АЭС салу мүмкіндігін қарастырып жатыр

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев елдегі атом энергетикасын дамытуға бағытталған жоспарлармен танысты, деп хабарлады Kazinform.
Алматы, NEGE. Кейінгі 5 жылда Өзбекстанда электр энергиясын өндіру 30%-ға ұлғайып, 81,5 млрд киловатт-сағатқа жетті. Сонымен қатар, көршілес ел жаңартылатын энергия көздерін дамытуға да ерекше назар аудара бастады. Атап айтқанда, бүгінде олардың жалпы үлесі 16%-ға теңелді.
Кеңес барысында Шавкат Мирзиёевке салаға қатысты болжамдар да ұсынылды. Оған сай, 2035 жылға қарай елдегі электр энергиясын тұтыну көлемі 121 млрд киловатт-сағатқа жетуі ықтимал. Тиісінше, Өзбекстан президенті электр энергиясын өндіру көлемін арттыруды тапсырды.
Осы орайда, ресми Ташкент атом электр станцияларын салу перспективалы шешім екеніне тоқталып отыр. Бүгінде Өзбекстанда аз қуатты АЭС құру жобасы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Кеңесте Шавкат Мирзиёев жауапты тұлғаларға АЭС-ті сапалы салу үшін серіктестермен кездесу өткізіп, халықаралық ұйымдар тарапынан тиісті рұқсат алуды жүктеді. Сондай-ақ, жиында елде үлкен атом электр станциясын салу мүмкіндіктері қарастырылды. Атап айтқанда, қазір техникалық және экономикалық тұрғыдан талдау жасалып жатыр.
Тоқтала кетейік, таяуда Uzatom агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаев Өзбекстанда салынатын АЭС-тің құны 2 млрд доллардан аз болатынын мәлім етті.
Еске салайық, Өзбекстанда ресейлік технология бойынша өңірдегі алғашқы аз қуатты атом электр станциясы салынады. Әрқайсысының қуаты 55 МВт болатын 6 реактор (жалпы қуаты – 330 МВт) Джизак облысындағы Тузкан көлінде бой көтереді. АЭС-тің алғашқы реакторы 2029 жылдың соңында іске қосылмақ. Ал ол толық қуатта 2033 жылдан бастап жұмыс істейді деп жоспарланған.
Осыған сай, таяуда Өзбекстан мен Ресей АЭС салу келісімшартының күшіне ену хаттамасына қол қойды.
Сонымен қатар, АЭС салу үшін халықаралық консорциум құрылады.