27 Ақпан 13:31
...

«Өз өмірін жазған жазушы» – Аягүл МАНТАЙДЫ еске алу кеші өтті

Фото:
Кеше Алматы қаласындағы Alatau creative hub орталығында «Серпер» сыйлығының иегері,

жазушы, публицист Аягүл Мантайдың  шығармашылығына арналған кеш өтті.

Еске алу кешіне қоғам қайраткерлері, қаламгердің баспаөз редакцияларында қызметтес болған әріптестері, бірге оқыған достары және оқырмандары келіп қатысы. Сондай-ақ Аягүлдің туындыларын тамсана оқитын жандар да еліміздің түкпір-түкпірінен ат терлетіп келді. Жиын барысында жазушының өмірінің соңғы кезінде жазған туындылары топтастырылған кітаптың тұсауы кесілді. Бұл – оның публицистикасы мен әңгімелерінен құралған төртінші кітап.

Алғаш 2009 жылы Аягүлдің «Жаңбырлы көктем» атты  кітабы жарық көрген болатын. «Жас толқын» бағдарламасы аясында ұсынылған жинақ «Жалын» баспасынан жарық көрді. Одан соң 2019 жылы «Қаламгер» баспасынан «Жүрекке оралу» атты кітабы шықты. Мың тиражбен шыққан ол кітапты да оқырмандары қолдан-қолға түсірмей оқыған еді. Ал өмірден озған соң Жазушылар Одағының мүшесі Қасымхан БЕГМАНОВТЫҢ мұрындық болуымен 500 данадан тұратын «Уақыттың көз жасы» атты жинағы ұсынылған болатын.

Оқырманның қолына тиіп отырған «Аягүл» атты төртінші кітап марқұмның ең жақын құрбысы, белгілі баспагер, журналист Бану ОҢДАСЫНОВАНЫҢ топтастыруымен тұсауы кесілді. Екі бөлімнен тұратын туындыға Аягүлдің жанына жақын болған елдегі әрі Мәскеуде бірге оқыған жора-жолдастарының естелігі енген.

Атапайтар болсақ, Айгүл Сейілова, Думан Рамазан, Дастан Қастай, Салтанат Мадиярқызы, сынды әдебиет айдынында жақын араласқан қаламдастарының жүрек тебірентер жазбалары түскен. Тілеулес жандардың ат салысумен шыққан кітапты баспаға әзірлеуде демеуші табуға  қолқабыс болған  – белгілі ақын Мақпал Мыса болса,  иллюстрациясын әуесқой суретші, Аяштың оқырманы Гүлнәр Бағашарқызы үйлестірген.

«Аягүл өз өмірін жазған жазушы. Оның шығармаларында өзінің табиғаты, болмысы, қоғамға деген көзқарасы анық аңғарылып тұратын. Қазақ әдебиетіндегі туындылардың басым бөлігінде әйел затының қайсарлығы, мықтылығы айтылса, ал Аягүлдің әр  әңгімесінде қоғамда түрлі шектеуге ұшырап, соның зардабын тартқан қорғансыз қазақтың қыздары көрініс табады», – деп еске алды «Қазақ әдебиеті» газетінде бірге істеген әріптесі Тоқтарәлі Таңжарық.

Қаламгер жайлы түрлі естеліктер айтылып, шығармаларына талдау жасалған жиында бүгінгі таңда «Аягүл феномені» қалыптасқаны да сөз етілді. Көпшілік алдында сөз алған жас актерлер Аягүлдің шығармалары сахналық қойылымдарға сұранып тұрғанын алға тартса, әдебиетке құштар қыз-жігіттер қаламдарына қуат беретінін тілге тиек етті. Осы ретте бүгінгі таңда Астанадағы  «Жастар» театрында Нұрқанат Жақыпбайдың режиссерлігімен Аягүл Мантайдың «Жалғыздық биі» әңгімесі желісімен МҰҢ триптихі қойылып жатқанын айта кетеміз.

Кешке жазушының туған сіңлісі Тоты Мантай да қатысты. Алыстан ана аманатын арқалай келген ол оқырман барда Аягүлдің аты жүректерден өшпейтінін алға тартып, көзіне ыстық жас алды.

Тегтер: