17 Қаңтар 10:26
...

«Өз өмірім – өзім білем...» Отандық әртістер қайда қыдырып жүр?

Фото:

Қыстың көзі қырауда әртіс атаулының жаппай жылы жаққа саяхттап кететіні бар. Осы ретте теңізге түсіп, күнге қыздырынып жатқан өнер иелерінің қайсысы қайда жүргенін анықтап көрдік.

Отандық ақпарат көздері Сәкен МАЙҒАЗИЕВТІҢ бір кездері ақын  Қайнар АЛАГӨЗОВТІҢ соңынан түсіп алғанын жарыса жазып жатқанда, әншінің өзі ұлын ертіп Египетке аттанды.

С.Майғазиев.

Бұған дейін жары Динара мен қыздарын қасынан бір елі тастамайтын ол биыл алып лайнерге жайғасып, ұлы мен қыдыруды жөн көрген. Үнемі түзде жүретін әнші саяхат барысынан көрініс жолдау барысында: «Баламмен әбден сөйлестім, былай жақсы жігіт екен», – деп қалжыңдап та қойды. Әнші туризм компанияларының біріне екі жыл үздіксіз қаражат құю арқылы демалысқа қол жеткізгенін айтты.

М.Серікбаев.

«Өнер қырандары» театрының басшысы әрі белді актері саналатын Мадияр СЕРІКБАЕВ Мальдив аралдарына жол салыпты. Өзінің айтуынша, жолдаманы қыркүйек айында қырыққа келгенінде театрдағы әріптестері сыйға тартқан екен. Актердің саяхат барысындағы бейнежазбасын көрген желідегі  оқырмандары оған естен кетпес демалыс тілеуде. «Осы жылуды Қазақстанға ала келші, қатып қалдық қой», – деп әзілдегендер де бар.

Н.Абдуллин.

Нұрболат АБДУЛЛИН де Мальдив аралдарында жүр.  Демалыстың әр сәтін құр қалдырмай, жұртпен бөліскен ол тіпті көрші бөлмеге тұрақтаған  қос қыдырушыны да көрсетті. Аппақ құмның үстінде аққайнар ішіп масаттанған өнерпаз билеп жүрген бейнетаспасын салып, көпшілікті қызықтырып та қойды.

Ол көріністі көрген maral.Imankul есімді желі пайдаланушысы: «Демалыс жақсы болсын. Бірақ елге жария жасаудың қажеті жоқ. Күнін көре алмай жүрген қаншама халық көріп отыр. Өз өміріңіз өзіңізге. Демалысыңызды видеоға түсіріп, жария жасаудың қажеті жоқ деп ойлаймын», – деп жазды.

Десе де Абдуллин оқырманының уытты бұл жазбасын жауапсыз қалдырмай: «Өз өмірім, өз өнерім, өз каналым, өзім білем», – деп қағытты.

Бүркіт пен Аиша отбасымен.

Ал БҮРКІТ пен АИША биыл Балиге барды. Үнемі саяхаттауды жаны сүйетін ерлі-зайыптылар бұл жолы қастарына үш баласын ертіп алған. Әнші осы орайда ұлы Омардың жеті жасқа толған туған күні саяхатпен тұспа-тұс келгенін айтып, оны әсерлі жазбамен құттықтады.

Қыдырыстау кезінде үнемі бір бейнебаян түсіріп қайтатын жұп шығармашылық жайында жақ ашпады. Дегенмен, желідегі оқырмандары әдемі саяхаттан соң тұщымды туынды күтетінін жазуда.

Тегтер: