«Өз-өзіне оқ атқан»: Жамбыл облысында полиция қызметкері қаза болды
Қайғылы оқиға 28 мамырда Жамбыл облысы Қордай аудандық полиция бөлімінде болған.
Астана, NEGE. 1995 жылы туған жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы казарманың дәлізінде өз-өзіне оқ атты, деп жазады Telegram-дағы Halyqstan арнасы.
Лейтенант қызметтік қаруымен, болжам бойынша SIG Sauer маркалы тапаншамен, самайына оқ атқан. Оқиға орнына барған дәрігерлер оны ауыр жағдайда аудандық орталық ауруханаға жеткізген. Алайда ол есін жимастан, кешке қарай жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ақпаратты растады.
Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабы (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сондай-ақ қызметтік тексеру тағайындалды. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаның қызметке қатысы жоқ», – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Полиция қызметкерінің мұндай қадамға не себепті барғаны әзірге белгісіз.
Еске салсақ, Жамбыл облысы Қордай ауданы Қаракемер ауылында соңғы бес айда бес жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсап қаза тапқанын жазған едік.
Ішкі істер министрлігі ақпаратты растап, бұл деректер бойынша 5 қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады. Оның ішінде 1 қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылық құрамы анықталмағандықтан тоқтатылды. Қазіргі уақытта 4 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.