«Өз күшімен жағаға шыққан»: Маңғыстауда аман қалған матрос туралы жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылды
Ішкі істер министрлігі Маңғыстау облысында болған төтенше жағдай кезінде әскери қызметші Айнар Ахметов туралы жалған ақпарат таратқандардың анықталғанын хабарлады.
Астана, NEGE. Facebook желісіндегі жазбада сарбаздың оқу-жаттығу кезінде өз бетімен жағаға аман шыққаны, суға батып бара жатқан жолдасын құтқармақ болғаны, бірақ оған көмектесе алмағаны айтылған.
Тексеру барысында жарияланым авторының бұл ақпаратты алыстағы туыстарынан алғаны анықталған. Ал тағы бір желі қолданушысы желіде жарияланған осы мәліметті тексерместен өз парақшасында жариялаған.
Полицейлердің хабарлауынша, бұл мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді. Мұны Қорғаныс министрлігі де ресми түрде теріске шығарған болатын. Ведомствоның ақпараты бойынша, Айнар Ахметов оқу-жаттығу кезінде жағалауда жоспардағы міндеттерді орындаумен болған. Мерзімді әскери қызметтегі матрос Әли Мағауия да онымен бірге жағалауда болған. Қазіргі уақытта екі әскери қызметші де әскери бөлімнің орналасқан жерінде қызметін жалғастырып жатыр.
Сонымен қатар оқиғаға қатысты жалған ақпарат таратқан Шымкент қаласы мен Көкшетау қаласының тұрғыны да жауапқа тартылды.
Атап айтқанда, шымкенттік тұрғын Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында тағы бір әскери қызметшінің қаза тапқаны туралы шындыққа сәйкес келмейтін жазба жариялап, оның туыстарына қысым көрсетіліп, олардан ақша талап етіліп отырғанын мәлімдеген.
Өз кезегінде Көкшетау тұрғыны да осыған ұқсас ақпарат жариялаған.
«Әкімшілік материалдарды қарау нәтижесінде сот шешімімен аталған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 20 АЕК (86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды», – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.
Полиция әлеуметтік желі қолданушыларын ақпаратты жариялауға жауапкершілікпен қарауға, таратылатын мәліметтердің шынайылығын тексеруге және расталмаған ақпаратты таратпауға шақырады.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында өткен әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери теңіз суына кетіп қаза тапты. Қорғаныс министрлігінің қайғылы жағдай туралы алғашқы мәлімдемесінде 19 әскери қызметші теңіз суына кеткені айтылған еді. Кейін ақпарат нақтыланып, 17 әскери қызметшінің суға кеткені, оның ішінде үшеуінің ғана аман қалғаны хабарланды.
Оқу-жаттығу кезінде қаза болған әскерилер әскери борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін мемлекеттік наградамен марапатталды.
Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дәурен Қосановты қорғаныс министрі қызметінен босатты. Оның орнына Айдос Мырзахметов Қазақстанның қорғаныс министрі болып тағайындалды.
Мемлекет басшысы 27 қыркүйекте қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізіп, әскери реформаны он күн ішінде әзірлеуді тапсырды.