«Өте төмен көрсеткіш»: Тоқаев интернет- алаяқтық қылмысын ашу мәселесін сөз етті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратурада жиын өткізді, деп хабарлайды Ақорда.
Астана, NEGE. Мемлекет басшысы елімізде ауқымды өзгерістер жасалып жатқанын және алдымызда Конституциялық реформа жүргізу, мүлде жаңа саяси жүйеге қадам басу міндеті тұрғанын айтты. Сонымен қатар жаңа дәуірде барлық салаға цифрландыру мен жасанды интеллектіні жаппай енгізу жұмысымен белсенді түрде айналысу қажет екенін атап өтті.
«Қоғамымызға, жалпы елімізге заң үстемдігі, тәртіп мықтылығы ауадай қажет. Кейбір шет елдерде болып жатқан қазіргі өте күрделі ахуалды көріп, бұл саясатымыздың дұрыстығына бәріміздің көзіміз жетіп отыр, оған ешқандай күмән жоқ. Заң мен тәртіп мемлекеттік саясатымыздың негізгі қағидаты ретінде қабылдануы керек, бұл қағидатты жаңа Конституциямызға міндетті түрде енгізу қажет деп санаймын. Себебі бұл ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын, өміршең қағидат екені даусыз. Бас прокуратураның осы саладағы рөлі аса маңызды. Прокуратура қызметкерінің заңның бұзылуына бейтарап, селқос қарауға құқығы жоқ», – деді Президент.
Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау жүйесін цифрландыру үдерісі біркелкі емес, яғни әр жерде әрқалай жүргізіліп жатқанына назар аударды.
«Әр мекеме цифрлық жүйесін өз бетімен дамытуда. Бұл шаруа жүйесіз жүргізіліп жатыр. Біртұтас жүйе жоқ. Мысалы, кейбір органдар цифрлық тәсілдерді ұтымды қолданып жұмыс істеуде. Ал кейбірі дұрыс амал-тәсіл таба алмай, қыруар қаржы жұмсап жүр. Бұл, басқа сөзбен айтқанда, нағыз жымқыру. Сондықтан қаражатты орынсыз жұмсап, жаңа дүние жасаудың қажеті жоқ. Үкіметке қолданыстағы барлық цифрлық шешімдерді саралап, тексеріп, олардың тиімділігін арттыруды тапсырамын. Күштік құрылымдарға арналған түсінікті құрылымы бар және технологиялық стандарттары біркелкі бірыңғай цифрлық экожүйе жасалуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы киберқылмыспен күрес мәселесіне тоқталды.
«Әлемде киберқылмыс өршіп барады. Жыл сайын мыңдаған азаматымыз соның құрбаны болып жатыр. Қазір интернеттегі алаяқтық қылмыстардың бестен бірі ғана ашылады. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Киберқылмыспен күрес тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажет», – деді ол.
Президент цифрлық қатерге төтеп беру үшін құқық қорғау органдары бір қадам алда жүруге тиіс екенін шегелеп өтті.