Отбасылық ревизия. Үкімет НЕГЕ өзіне бағынышты банкті жазалағысы келіп отыр?
«Бәйтерек» холдингі өзіне қарасты, мемлекет меншігіндегі «Отбасы Банк» АҚ басшылығын жауапқа тартпақ. Мұндай шешім «Отбасы Банк» АҚ Директорлар кеңесінің отырысында қабылданды.
Қазір «Отбасы банкте» 1464 адам жұмыс істейді. Оның басқарма құрамына 7 адам кіреді: төрағасы және оның алты орынбасары. Оған қоса, басқарма құрамына кірмейтін басқарушы директор да бар.
«Бәйтерек» холдингі ревизиялық тексеріс жүргізіп, оның нәтижесінде «Отбасы банктің» ИТ-жобаларды іске асыру, қаржыландыру және жоспарлау, тауарлар мен қызметтерді сатып алу бойынша бағыттарды басқаратын төрайым орынбасарларын тәртіптік жауапқа тарту бойынша шешім шығарған.
«Отбасы Банкте» ИТ-жобалар бағытын төрағаның орынбасары әрі басқарма мүшесі Эльмира РАСПЕКОВА қадағалайды. Ал тауарлар мен қызметтерді сатып алу, түсінікті сөзбен айтсақ, тендерлерді өткізу тағы бір орынбасар Владимир САВЧЕНКОНЫҢ мойнында.
Демек, «Бәйтерек» холдингінің талабы бойынша осы екі жауапты тұлға тәртіптік жауапқа тартылатын болады. Оның орындалуын «Бәйтерек» холдингінің бас заңгері Айбол БАЛКИННІҢ өзі жеке қадағаламақ.
Негізі, «Жаңа Қазақстан» орнағалы бері Үкімет, әсіресе, оның құрамындағы Ұлттық экономика министрлігі «Отбасы Банктің» республикалық бюджет ақшасын тым көп шығындайтынына наразы. Әңгіме – салымшыларға жыл сайын берілетін мемлекеттік сыйақы мен «Отбасы Банктің» ипотекалық бағдарламаларды қаржыландыруға алатын бюджеттік кредитінде болып отыр.
Биыл «Отбасы банк» салымшыларына төленетін мемлекеттік сыйақыға республикалық бюджет 75 миллиард теңге жұмсады. Одан бөлек, банк бюджеттік кредит ретінде республикалық бюджеттен 66 миллиард теңге, ал жергілікті әкімдіктерден 26 миллиард теңге алды.
"Отбасы Банк" АҚ 2022 жылдың аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: PWC
«Отбасы Банк» жылдан жылға қолда бар қаржысын жоғалтып жатыр. Егер 2021 жылдың аяғында банктің қолындағы қаражат 595 миллиард теңге болса, биылғы жылдың басында ол 327,5 миллиард теңгеге түскен. Қазір «Отбасы Банк» активінің жалпы көлемі – 3,44 триллион теңге.
Былтыр «Отбасы Банк» 96 миллиард теңге таза кіріс алды. Оның басым бөлігін «Бәйтерек» холдингіне дивиденд ретінде беріп, қалғанын өзінде қалдырды. Онымен қоса, мемлекетке 13,5 миллиард теңге корпоративтік салық төледі. Бірақ, республикалық бюджет үшін «Отбасы Банкті» асырау оңайға тиіп жатқан жоқ.
Мемлекет 2015 жылдардан бері «Отбасы Банкті» сатып құтылғысы келеді. Бірақ ешбір инвестор ол банкті алмай қойды. Сата алмағандықтан, банкті республикалық бюджетке салмақ салмайтындай қылғысы келіп отыр. Ол үшін мемлекеттік сыйақыны реформалаудан басқа жол жоқ.