Еркектерді аялаңдар!..
Нұр-Сұлтан қалалық жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, отбасында зорлық көретін еркектер көбейіп барады. Отбасы мүшелері бірінің қол көтеруі ажырасуға себеп болып жатыр («Не губите мужиков!..», «Время» газеті).
Ішкі істер министрлігі «Зорлыққа қарсы 16 күн» деген республикалық акция жариялады. Ел полицейлері осы күндер ішінде қазақстандықтарға отбасылық құндылықтарды насихаттап, бірнеше көрме мен концерттік бағдарлама ұсынуды, отбасында кездесетін зорлық-зомбылық мәселесіне көңіл аудартуды көздеп отыр.
«Кей жағдайда күйеулері ақша бермегені үшін әйелдері оларға экономикалық тұрғыдан қысым жасайтын жәйттер кездеседі. Тіпті, декреттік демалыста отырған әйеліне күнделікті азық-түлік алуына 1-2 мың теңге берсе де, «Сен түк түсінбейтін ақымақсың!» деп күйеуінің миын жейтін әйелдер кездеседі», – дейді баспасөз мәслихатында Нұр-Сұлтан қалалық жергілікті полиция басқармасының инспекторы Гүлмира Шрахметова.
Отбасы құндылықтарын қолдау орталығының психологы Диана Бейсова: «Маған отбасында әйелінен қысым көрген еркектер келіп тұрады. Мәселен, бір еркек әйелінен кәдуілгідей қорқатын еді. Былай қарағанда, күлкілі көрінуі мүмкін. Бірақ «әйелім мені ұрады, тырнайды, мен үнсіз төземін» деп бір еркек маған шағым түсірді. Олардың әйелдері спортшы емес, қарапайым адамдар!», – дейді.
Баспасөз мәслихатында мамандар мектеп бағдарламасына бақытты отбасы мен шаңырақтағы жарасымдылықты насихаттайтын пән енгізуді үкіметке ұсынды.
«Бұдан өзге, Қазақстанда ресми неке қиятын мекемелердің абыройын көтеру керек. Олар жас отбасыларға неке куәлігін тапсырмас бұрын, жас отбасы болғалы тұрған жастарға тым болмаса үш сабақ өткізсе абзал болар еді. Шаңырақ көтермек болған жастар отбасылық өмірде қандай қиыншылыққа тап болатынын, алда нендей жағдайға тап болатынын, үйленгеннен кейін жыл асқан соң қандай мәселелер туындайтыны мен ата-аналармен қандай қатынас жасауын сезінуі керек», – дейді Отбасы құндылықтарын қолдау орталығының үйлестірушісі Екатерина Кавлис. – Мен Санкт-Петербургте туғанмын. Қазақстанда тұрып жатқаныма – 5 жыл. Бұл елде отбасылық дәстүрдің мықты қалыптасқанын аса зор сенімділікпен айта аламын. Мемлекеттегі отбасын қолдау жүйесін қазақ отбасылық дәстүріне сүйене отырып қалыптастыру керек. Егер, үлкен әулиет, отбасылық қолдау, әулиеттік дәстүр-сананы кеңінен насихатттасақ, ажырасу мәселесі жойылар еді.
Мамандар отбасылық сот істері жанынан құрылған пилотты жобаның 6 айлық жұмысын қорытындылады. Жұмыс нәтижесі қазақстандық отбасылардың ажырасуына банктік несиелер, қарыз, құмар ойынына салыну, жас отбасылардың өміріне ата-аналардың араласуы секілді бірқатар мәселелердің әсері бар екенін анықтаған. Жарты жыл ішінде еліміздің 8 өңірінде ашылған отбасыны қолдау орталығына 17 мен 77 жас аралығындағы 2030 қазақстандық хабарласқан. Олардың 774-і орталық мамандарының кеңесінен кейін татуласып, отбасыны бұзбауды жөн көрген. 1100 отбасы ажырасқаннан кейін балаларының болашағы нендей халде болатынын ескеріп, ажыраспауды жөн көрсе, басқалары баласының болашағы жөнінде мүлдем ойланбаған.
«Біздің пилоттық жобаның міндеті ажырасу санын азайту үшін еліміздегі заң жобасын өзгертуге күш салу. Біз ажырасу кезінде кіммен қалғысы келетінін жариялай алатын бала жасын өзгертуді көздейміз. Бізде бала 10 жасқа толғаннан соң, өз қалауын айта алады. Халықаралық тәжірибеде ерлі-зайыптылар ажырасқаннан кейін бала 3 күн әкесімен, 3 күн шешесімен тұруға құқылы», – дейді Екатерина Кавлис.
Тоғжан Ғани, Нұр-Сұлтан