23 Наурыз 17:40
...

Отбасы саясаты елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық дамуына тікелей ықпал етеді

Отбасы
Фото: pixabay.com

Отбасы – қоғамның негізгі іргетасы, ал оның беріктігі мемлекет дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Қазақстанда отбасы саясаты әлеуметтік даму стратегиясында маңызды орын алады.

Мемлекет отбасыларды қолдау, олардың тұрақты өсуі мен әл-ауқаты үшін жағдай жасау шараларын ұдайы жүзеге асырып келеді. Ең алдымен халықтың жағдайын жақсарту, әлеуметтік қажеттілігін қамтамасыз ету, әрбір адамның азаматтық құқықтарын қорғау, қиын жағдайда қолдау білдіру – отбасы саясатын жүргізудің алғы шарты.

Отбасы институтын нығайту

Отбасы институтын қолдау үшін мемлекет арнайы жобалар мен бағдарламаларды кезең-кезеңімен жүргізуді қолға алған. Алдымен, жас отбасыға қолдау көрсету, ажырасу деңгейін төмендету үшін «отбасы құндылығы» ұғымы кеңінен түсіндіріледі. Дәстүрді сақтау, отбасылық әдеп-ғұрыпты дәріптеу мақсатында «Отбасы күні», «Аналар мерекесі», «Әкелер мерекесі» сынды мерекелер енгізіліп жатыр. Мұның барлығы отбасын саясатын жүргізу жолындағы ұтымды қадам.

Әлеуметтік қолдау және демографиялық саясат

Отбасыларға әлеуметтік жағынан көмек көрсету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мәселен, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға жәрдемақы беріліп келеді, сонымен қатар жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, бала тууға байланысты біржолғы жәрдемақы, ай сайынғы мемлектеттік төлемдер және тұрғын үй бағдарламаларына қатыстыру арқылы көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, аналардың репродуктивті денсаулын сақтау, бала тәрбиесіне баса назар аудару жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді.

Жанұя
pixabay.com

Мәселен, «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» алған аналарға мемелекеттен жеңілдіктер, сонымен қатар баспана кезегіне тұрып үй алу мүмкіндігі қарастырылған.

Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. 2024 жылы жоба басталған сәттен Ұлттық қордан 18 жасқа толмаған 7 миллионға жуық балаға алғашқы қаражат аударылды. 2025 жылы аталмыш бастама аясында 888,8 миллион доллар балалардың шотына аударылды. Жеткіншектердің шотына аударылған ақша доллармен сақталатынын ескере кеткен жөн.

Білім беру және тәрбие

Бала тәрбиесі мен білім беру жүйесі отбасы саясатының маңызды құрамдас бөлігі. Қазақстанда әрбір баланың тегін және сапалы білім алуына кепілдік берілген. Балабақшалар мен мектептердің қолжетімділігін арттыру, ата-аналардың бала тәрбиесіне белсенді қатысуын ынталандыру секілді шаралар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, отбасы ішіндегі қарым-қатынасты жақсарту мақсатында арнайы бағдарламалар әзірленуде.

Гендерлік теңдік және отбасы құқығы

Қазақстанда отбасы саясаты гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге де бағытталған. Әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін сақтау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, аналарға ыңғайлы еңбек жағдайларын жасау мәселелері мемлекеттік деңгейде қарастырылуда. Сонымен қатар, отбасы құқығын қорғау мақсатында заңнамалық шаралар қабылданып, некені тіркеу, алимент өндіру және ажырасу кезіндегі құқықтық мәселелер реттелуде.

Бұл салада мемлекеттік бағдарламалар, әлеуметтік жобалар мен заңнамалық өзгерістер арқылы кешенді жұмыстар жүргізілуде. Болашақта отбасы саясатын одан әрі жетілдіру қоғамдағы тұрақтылық пен үйлесімділікті қамтамасыз етудің маңызды факторы болмақ.

Отбасы саясаты елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық дамуына тікелей ықпал етеді. Берік отбасы – саналы ұрпақ тәрбиелейтін орта. Сол себепті де мемлекет отбасы институтын бекемдеуге барынша күш жұмсағаны абзал.

Тұрақты отбасы – қуатты мемлекеттің негізі.