«Пәтер әділетсіз бөлініп жатыр»: Көпбалалы аналар Отбасы банкке шағымданды
Ақмола облысы Қосшы қаласының тұрғындары 2021 жылдан бастап сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана кезегіне тұрған. Алайда Астанаға келіп, «Отбасы банк» алдына жиналған 20-ға жуық отбасы пәтерлердің әділетсіз бөлініп жатқанын айтып шағымданды.
Астана, NEGE. 7 баланың анасы Махаббат Төлепованың сөзінше, ол 2021 жылы үй кезегіне тұрған. Бірақ әлі күнге дейін мемлекеттен берілетін баспана бұйырмаған. Осы уақытқа дейін айына 160 мың теңгеге пәтер жалдап келеді. Коммуналдық төлемдер мен күнделікті қажеттіліктерді қоса есептегенде, баспана алуға қаражат жинау мүмкін болмай, тығырыққа тірелгенін айтады.
«Төрт жыл болды кезекте тұрғанымызға. Әкімдік „260 пәтер береміз, бәріңіз аласыздар“ деген. Бірақ кезегіміз жетпей жатыр. Пәтерге айына 150–160 мың төлейміз», – дейді Махаббат.
Жиналғандардың айтуынша, олар тізімге бірнеше жыл бұрын енгенімен, биыл ғана кезекке тұрғандар пәтер алып үлгерген.
«Біздің кезегіміз жақын еді – 2021-2022 жылдары тіркелген ата-аналармыз. Бірақ бізден кейін 2025 жылы кезекке тұрғандар биыл пәтер алды. „Отбасы банк“ бізге пәтерлердің шаршы метрін ғана хабарлап отыр. Әкімдік банкке 261 пәтер тапсырды: 188 бір бөлмелі, 88 екі бөлмелі, 24 үш бөлмелі. Алдыңғы кезектегілерге екі және үш бөлмелі пәтерлер берілген. Өз кезегім келгенде, менен кейін тұрған адамның үй алып кеткенін көрдім. Құзырлы орган ол адам мүгедектік санатында болғандықтан, кезектен тыс берілді деп түсіндірді. Біз, көпбалалы аналар, бір-ақ нәрсе сұраймыз – үйді кезекпен берсін. Бір бөлмелі пәтерлерді үш бөлмеліге ауыстырып, үлестіруді тездетсін», – дейді Махаббат Төлепова.

Пәтер жалдап жүрген, табысы жетпей қиналған көпбалалы аналардың бірі – Айжан Қаңтарбаева. Ол да мемлекеттен берілетін баспананы бірнеше жылдан бері күтуде. Биыл желтоқсанға дейін үйдің кілтін аласың деген уәде берілгенімен, әзірге әкімдіктен хабар жоқ. Айжан пәтер саны шектеулі болса да, бір бөлмелі баспанаға да қуанатынын айтады, өйткені қазір пәтер жалдап тұрады.
«160 мың теңге пәтерге, 100 мың балабақшаға кетеді. Таңнан кешке дейін жұмыс істейміз. Бір бөлмелі пәтер берсе де разымыз. 5-6 жыл жалға төлеген ақшамызды жинап, өз баспанамызды алар едік.
Мәселе бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Биыл желтоқсанға дейін береміз деді, бірақ әлі нәтиже жоқ», – дейді Айжан Қаңтарбаева.
«Бір бөлмелі пәтерді көпбалалыға бере алмаймыз»
«Отбасы банк» мәліметінше, банк тек әкімдік бөлген пәтерлерді тұрғындарға үлестіреді. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 75-бабында мемлекет ұсынатын пәтерде әр адамға кемінде 15 м², ең көбі 18 м² пайдалы аумақ қарастырылуы тиіс деп көрсетілген.

Алайда Қосшыда қазір бос тұрған 188 бір бөлмелі пәтер бар, ал 2–3 бөлмелілер өте аз. Заң бойынша көпбалалы отбасыларға кемінде екі бөлмелі пәтер берілуі тиіс, сондықтан бір бөлмелі пәтер бере алмайды. Биыл кезекке тұрып, тез арада пәтер алғандар – көпбалалы емес, мүгедектік, жетімдік сияқты басым санаттарға кіретін азаматтар екен.
«Біз „бір бөлмелі пәтерге келісе салған екенсіздер“ деп бере алмаймыз. Заң бойынша болмайды. Министрлікпен бірлесіп нормалар қарастырылды. Республика бойынша 647 мың адам кезекте тұр. Әрқайсына сәйкестендіріп сала алмайды ғой әкімдік», – деді «Отбасы банк» төрағасының орынбасары Жансұлтан Матай.
Бұған дейін кең пәтерлер жетпей қалған жылдары көпбалалы отбасылардың келісімімен бір бөлмелі үйлер берілген. Кейін ата-аналар үйдің тарлығын айтып, әкімдіктен бірнеше бөлмелі пәтер талап етіп, дау-дамай туындаған. Осы жағдайлардан соң үкімет жаңа норма қабылдап, көпбалалы отбасыларға тек 80–90 шаршы метрді құрайтын пәтер беру тәртібін бекітті.
«Отбасы банк» атқарушы директоры Азат Әшімовтің айтуынша, 7 желтоқсанда күшіне енген заң өзгерістеріне сай, азамат пәтерді алдын ала бекіту үшін жеке деректерін өңдеуге келісімін 5 жұмыс күні ішінде беруі керек. Егер осы уақыт ішінде келісім берілмесе, 13 желтоқсаннан бастап пәтер автоматты түрде босатылып, кезектегі келесі азаматқа ұсынылады.

«Бұған дейін кейбір азаматтарға пәтер алдын ала бекітілгенімен, олар келісім бермегендіктен тексеру жүргізілмеген. Бір азаматқа бекітілген пәтерді бұғаттан шығару инструменті болмаған. Мысалы атына мемлекеттен баспана жобалап бекітілген, бірақ олар мұқтаж санатына кірмеуі мүмкін. Мүмкін басқа өңірге көшіп кетті немесе жеке өзі баспана сатып алды. Оларды тексермеген. Енді заңмен бағана айтып өткендей тексеру мүмкіндігі берілді», — деді Әшімов.
Банк өкілдері бұл бастама нағыз мұқтаждардың кезегін жылдамдатып, мәселені шешуге көмектесетінін айтты. Ал, Қосшы қаласынан жиналған отбасылар алдағы апта әкімдікпен кездесіп, қаңырап тұрған бір бөлмелі пәтерлерді қалай да болсын екі бөлмелі пәтерге айырбастауды ұсынбақшы.