«Отбасы банк» пен Halyk Bank-тің мобильді қосымшалары жұмыс істемей тұр
Қазақстандықтар «Отбасы банк» пен Halyk Bank-тің мобильді қосымшалары ашылмай тұрғанын айтып шағымдануда.
Астана, NEGE. Желі қолданушылары банк қызметіндегі ақау 1 қаңтарда байқалғанын жазуда. Алғашында пайдаланушыларға сервистер қолжетімсіз екені хабарланған, кейін техникалық жұмыстар жүргізіліп жатқаны жөнінде ескерту пайда болған.

«Қазіргі уақытта банк қызметтері бойынша техникалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл процесс жоспарланғаннан ұзағырақ уақытты алды. Өкінішке қарай, банк бөлімшелерінде, "Баспана маркет" платформасында және мобильді қосымшада операциялар уақытша қолжетімсіз», – деп хабарлады банк өкілдері.
Компания мамандары банк жүйелері мен операцияларын мүмкіндігінше тезірек қайта іске қосу үшін жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді
Дәл осындай жағдай Halyk Bank-те де байқалды. Банктің мобильді қосымшасында көп сұраныс өңделіп жатқаны ескертіліп, әрекетті сәлден кейін қайталап көруге кеңес берілген.

Банктің баспасөз қызметі Nege.kz тілшісіне Halyk SuperApp қосымшасында жүйелерге түсетін жүктеменің артуына байланысты уақытша техникалық шектеулер байқалғанын айтып жауап берді.
«Интернет-қызметтерге қолжетімділіктің уақытша шектелуі жағдайында цифрлық сервистерге сұраныс кейінге қалуы мүмкін.
Банктің мамандар тобы сервистердің тұрақты әрі толыққанды жұмысын қалпына келтіру және тұрақтандыру бағытында қажетті жұмыстар жүргізіп жатыр», – делінген ақпараттық хабарламада.
Halyk Bank өкілдері қосымшадағы шектеулерді мүмкіндігінше қысқа мерзімде жою және қызметтерге тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында қажет шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.