17 Қаңтар 10:34
...

Отарда саусақтарын өзі шауып тастаған сарбаздың туыстары үн қатты

сарбаз
Фото: Фото: Жасанды интеллект

6 қаңтарда Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі сарбаз саусақтарын кесіп тастағаны жайлы ақпарат тараған. Nege.kz редакциясы зардап шеккен жігіттің жақындарымен тілдесіп, істің шын мәнінде қалай болғанын, қазір қандай өзгеріс барын білді.

Астана, NEGE. Жарақат алған жігіттің туған ағасы Мейірбек Тұңғышбай інісінің әскерге өз еркімен бармағанын айтты. Оның сөзінше, әкесі баласының денсаулығы жарамайтынын біліп, бастапқыда қарсы болған. Соған қарамастан, баланы мәжбүрлеп көлікке отырғызып, әскерге алып кеткен. Алғашқы күндері сарбаз отбасымен байланыста болып, бәрі жақсы екенін айтқан. Ант қабылдағаннан кейін ол әкесінен бірнеше рет әскерден алып кетуін өтінген.

«Машинаға отырғызып, әскерге алып кетті. Алғашында видеомен сөйлесіп, суреттер жіберіп тұрды, “бәрі жақсы” дейтін. Ант қабылдауына бара алмадық. Ол күні ауа райы күрт бұзылып, боран болды. Сол рәсім өткен соң, көп ұзамай әкеме хабарласып, әскерге шыдамайтынын айтқан ғой. Алып кетуін сұраған», – дейді Мейірбек Тұңғышбай.

сарбаз
Фото: nege.kz

Мейірбектің айтуынша, інісінің денсаулығында бұрыннан кінәрат болған. Бала кезінде басынан бие теуіп, біраз ауырсынған. Бірақ, дәрігерге қаратпай, үйден өздері емдеген көрінеді. Салдарынан еш жерде оның денсаулығына қатысты ақпарат жоқ. Мейірбектің сөзіне сенсек, сарбаз жиі болмаса да, есінен танып қалатын. 

«Бала кезінде басынан бие теуіп, бас миы шайқалған болу керек. Біз ауылдамыз ғой, ол кезде дәрігерге апармағанбыз. Өзіміз емдеп алдық. Кейде есінен танып қалатын. Ондай жағдайлар болды. Бұл жолы әскердегі стресс, полигондағы жаттығулар әсер еткен болуы мүмкін», – деді ол.

Қазір сарбаз Алматыдағы ауруханада жатыр. Дәрігерлер үш саусағының екеуін сақтап қалған. Ал үшінші саусағының жағдайы ауыр.

«Қосымша операция керек болуы мүмкін дейді. Астанаға апару мәселесі қаралып жатыр. Қазір Алматыда ауруханада ем алып жатыр», – деді Мейірбек.

Мейірбек інісінің бұл әрекетке «әдейі барған болуы мүмкін» деген пікірде.

«Мен ініммен сөйлескенде сұрадым ғой. Өзі тұйық, ішінен тынатын бала. Мінезі момын, бұзықтығын көрген емеспіз. Сол күні шынымен не болғанын сұрағанда нақты ашып айтпайды. “Есімде жоқ, есімді білмеймін” деп жауап береді. Бірақ өз ойымша, әскерден кету үшін істеген болуы мүмкін. Себебі “шыдай алмаймын, үйге қайтқым келеді” деп жиі айтатын», – деді ол.

Алайда сарбаздың туыстарының бәрі бұл нұсқамен келіспейді. Әпкесі Жанар Әбдәлі әскерде әлімжеттік болды деп күдіктенеді. Себебі, сарбаз әкесіне «мені алып кетпесең, табытымды алып кетесіз» деп жазған.

хат
Фото: nege.kz

«Әскерге барғанына бір айдан асты. Ант қабылдаған соң, бір аптадан кейін ауруханаға түсті. Басшылары “өзі балтамен шапқан” деп отыр. Бірақ кім өзіне солай зиян келтіреді?», – деді Жанар.

Ағасы Мейірбектің айтуынша, өміріне аса қауіп төнбеген соң жігіт әскерге қайта оралуы мүмкін. Бірақ, отбасы мүшелері оның өміріне алаңдап, әскерге қайта барғанын қаламайды.

Редакция сауал жолдаған Қорғаныс министрлігі оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ведомство дерегінше, төтенше жағдай 6 қаңтарда таңғы тексеріс кезінде болған. Сарбаз дереу госпитальға жеткізіліп, оған медициналық көмек көрсетілген. Қазір Алматыдағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында ем алып жатыр. Жағдайы тұрақты, өміріне қауіп жоқ.

«Оқиға әскери қызметті өткерумен, сондай-ақ әскери бөлім командирлерінің немесе лауазымды тұлғалардың әрекеттерімен байланысты емес. Жарақат тікелей басшысының ескертуінен кейін алынған деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», –деп мәлімдеді.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын әскери-тергеу басқармасы анықтап жатыр.