Отарда комаға түскен сарбаз ауруханадан шықты
Жамбыл облысы Отар ауылында әскерде жүріп комаға түскен 19 жастағы сарбаз есін ауруханадан шықты.
Алматы, NEGE. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Константин Авершин өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлім етті.
«Бұл үлкен жеңіс әрі қуанышты жаңалық. Әбділпат Нұржігіт міне ауруханадан шықты. Біз сарбаздың сауығып кетуін ел болып тіледік. Бірінші кезекте ата-анасы үшін теңдессіз қуаныш. Осы орайда ҚР Қорғаныс министрлігінің Әскери госпиталі дәрігерлерінің үлесі көп екенін айтқан жөн. Сондай-ақ дәрігер Әйгерім Мұратқызына айтар алғыс зор. Өлімге араша түскен нағыз кәсіби мамандар», – деп жазды депутат парақшасына.
Еске сала кетейік, бұған дейін сарбаз есін жиғанда әкесі Тимур Жаналин өзінің Instagram-дағы парақшасында жазба қалдырып, тілеулес болған барша қазақстандықтарға алғысын айтқан болатын.
«Ұзақ уақыт бойы бізге жан-жақты қолдау көрсетіп, ұлымыз үшін дұға еткендердің бәріне тағы да алғысымызды білдіргіміз келеді. Біз сіздерге ұлымыздың комадан шыққаны туралы қуанышты жаңалықты жеткізуге асықпыз. Қазір дәрігерлер айтқандай, ол саңырау күйде. Бізді таниды, бұрын жасалған трахеостомияға байланысты әлі сөйлей алмайды. Бірақ жағдайы ауыр, диализ жасалады. Ол шамамен 6-8 сағатты алады. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Сол үшін оларға алғыс айтамыз», – деген еді Тимур Жаналин.
Ал, бұл жолы сарбаздың анасы алғысын білдірді.
«Баламды аяққа тұрғызуға көмектескен дәрігерлерге алғысым шексіз. Балам осылай тез арада жазылып кетеді деп ойлаған жоқпын. Сондықтан қуанышымды шек жоқ», – деді Нұржігіттің анасы Жанна Жаналина.
Нұржігіт те өзінің сауығып кетуіне тілектес болған барша қазақстандыққа алғысын білдірді.
«Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында сауығып шықтым», – деді ол.