16 Қаңтар 13:58
...

Отандық шоу-бизнестің төрінен орын алған танымал топтар

Фото:

Шоу-бизнес әлемінде  шынайы таланттар өнердің шыңында жүреді. Кей әншілер сахнаға жарқырап шықса да, уақыт өте өнердегі мансабын аяқсыз қалдырады. Дегенмен тыңдармандарын талай жылдар қуантып, Отандық шоу-бизнестің төрінен орын алған музыкалық ұжымдар да баршылық. Назарларыңызға халықтың қошеметіне бөленген танымал топтарды ұсынамыз.

Аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі. Жиырмасыншы ғасырдың жетпiсiншi жылдары ансамбль қазақ ән өнерiнiң жарқыраған жұлдызына  айналды. Өнерсүйер қауымның қошеметіне бөленген, қазақтың халық әндерiн заманға сай  мәнермен көркемдеп, әуелеткен, жастардың сүйiктiсiне, бүгiнгiнiң аңызына айналған ансамбльдiң құрылғанына биыл 53 жыл толды.  2017 жылдың 4 қазанында 50 жылдық мерейтойын Республика сарайында атап өткен болатын. «Дос-Мұқасанның» орындауындағы 16 қыз, «Алматы түні», «Алатау», «Ауылың сенің іргелі», «Ахау бекем» әні қазақ әнінің алтын жаухарына айналды. Ал, ансамблдің «Той жыры» әні жас жұбайлардың бойтұмары іспеттес.

Тек қазақ еліне ғана емес аты әлемге танымал болған «Үркер» тобына биыл 26 жыл. Қазақтың этно-поп стилінде өнер көрсетіп жүрген музыкалық ұжым 1994 жылы Алматы қаласында құрылған еді. Олар ұлттық құндылықтарымызды  насихаттап,  қазақ өнеріне адалдығын сақтаған танымал топтардың бірі.

«Үркер» шет елдің сахнасында өнер көрсетіп, талай байқауларда топ жарған. Америкалық телеарнаның бірінде бейнебаяндары шыққан қазақ музыкалық тобы. Осы уақытқа дейін, республиканың түкпір-түкпірінде концерттерін өткізіп, Ұлыбритания, АҚШ, Ресей, Гонконг, Түркия сынды елдерде гастрольдерін ұйымдастырды. Өткне жылы өнер әлемінің киелі қара шаңырағы Республика сарайында жеке кешін өткізді. «Үркер» тобы барлық әндерін тек жанды дауыста ғана шырқайды. Олардың музыка деген ортақ махаббаты достықтарын нығайтып, 27 жылдың ішінде топтың танымалдылығын арттыруға күш берді.

Бүгінде Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Беспаев және Кенжебек Жанәбіловты білмейтін қазақ жоқ. Қазақ эстрадасына  жаңалықтың лебiн алып келген өнер иелері әншілік мансабын 2001 жылы бастап, 19 жыл бойы жанкүйерлерін әуезді әнге бөлеп келеді. «МузАрт» тобының орындауындағы кез-келген ән тыңдарман жүрегінен ерекше орын алады. Себебі қазақи әуен, биік талғам өз үйлесімін тауып, өзіндік ерекшелік бірден көзге түседі. Музыка арқылы олар жастардың ұлттық рухын оятып, халықты ерекше әсерге бөлеп жүр. Қазақ халқының «МузАрт» тобына деген құрмет, қошеметі қашанда ерек.

«Жiгiттер» тобына халықтың ықыласы ерекше. Киелі сахнада жүргеніне 16 жыл толған  «Жігіттер» алғашында Шымкент қаласында құралған, кейіннен  өнердің ордасы Алматыға қоныс аударды.

«Орда» тобы 2000 жылы қазақ сахнасында бой көрсетті. Ерекше стилін өзгертпеген жігіттер тыңдармандарына тосын сый жасаудан жалыққан емес. Оразбековтер мен Беделхандар отбасының бастамасымен құралған топ жаңа белестерге қадам басты.

«Rin’GO» тобы халықаралық байқаулардан жүлделі орындарға ие болған. Продюсер Алуа Қонарованың жетекшілігімен өнер әлемінде тамырын тереңге жайған топ  өзге әншілердің мықты бәсекелесіне айналды. Он төрт жылдың ішінде топ мүшесі 3 мәрте ауысты. Қазір топта Данияр Өтеген, Аян Бірбаев және Әділжан Умаров өнер көрсетеді. Осы жылы топтан кеткен Батыр Байназаровтың орнына қандай әншінің келері әлі белгісіз.

Қазақ эстрадасында өзіндік қолтаңбасы бар «Меломен» тобы 2008 жылы композитор Бауыржан Есебаевтың бастамын құрылды. Олардың киелі сахнада өнер көрсетіп жүргендеріне биыл 12 жыл толды. Әрине аз уақыт емес. Топта Қайрат Мырзаханов, Ролан Қазретов, Ғабит Әбілдаев өнер көрсетеді. Бастапқыда төрт жігіттен құрылған топтан Жігер Ауыпбаев еншісін алып, бөлек кеткен еді. 10 жылдық мерейтойында аты аталған топ Алатау баурайында концерт өткізді. «Жақсылық жасап жарысайық» деген ұранмен жиі қайырымдылық кештерді ұйымдастырады.

Татулығы бекем ұжымның арасында «Дос-Мұқасан», «Үркер», «МузАрт», «Жігіттер», «Орда», «Rin’GO», «Меломен», «Allдавай», «101» тобы көш бастап тұр. Назарларыңызға 10 жылдан аса киелі сахнада өнер көрсетіп жүрген топтардың тізімін ұсындық. Біздікі солардың өнердегі жолы жас өнерпаздарға үлгі болсын деген тілек!

Тегтер: