26 Маусым 15:00

Отандық режиссерлер көрерменге қандай кинотуындылар ұсынады?

фильм
Фото: видеодан скриншот

Отандық кино қоржын тағы біраз туындылармен толықпақ. Осы ретте алдағы күндері үлкен экранға шығатын бірқатар фильмдермен таныстырамыз. Демалыста кинотеатрға қыдырыстап барам десеңіз, премьералармен таныс болып алыңыз.

27 маусымнан бастап көрсетілетін «Октагон» фильмі көрерменді бейжай қалдырмайды деп ойлаймыз. Драма, спорт жанрындағы көркем фильмнің режиссері – Айтөре Жолдасқали. Ұзақтығы 129 минутты құрайтын шығарылымда Арнұр Қабдолдаев, Шерхан Пірназаров, Мұрат Жарылқасынов, Дәмелі Тастанбекова ойнайды. Туындыда ММА ережесіз жекпе-жек алаңында өнер көрсеткісі келетін спортсүйер жігіттің өмірі баяндалады. Арман жолында бар қиындықты еңсеруге тырысқан ол махаббатын да табады.

кино
видеодан скриншот

Көрерменді қуантықысы келген отандық режиссерлер драма мен фэнтезиді селбестірген. Осы мақсатта таспаланған туынды – «Ғарышкердің түсі» деп аталады. 90 минутты құрайтын тұсаукесерлік туындыны Әжібек Бекентай таспалаған. Бұл фильмде арманы асқақ жанның мақсатына қол жеткізуі екіталай. Сюжетіне сүйенсек, Әлтаир атты бала ғарышкер болып, ата-анасына оралуды армандайды. Себебі, оған асқынған менингит диагнозы қойылады. Шарасыз жүрек шерлі сырқатпен қалай айқасады? Оны туындыдан тамашалайсыз.

бала
видеодан скриншот

«Родной Қырғызша» фильмі екі елдің киногерлерін бір туындыда тоғыстырды. Комедия жанрындағы киноны Бақыт Османқанов экрандаған. Рөлдерде Калипа Таштанова, Динара Багышбаева, Жениш Мейрамбек және Бақыт Османқановтың өзі сомдайды. Комедиялық шығарылым Койчубековтер мен Асановтар отбасының арасындағы шытырман оқиғаны суреттейді.

кино
видеодан скриншот

Қазақфильмде қарап жатқан жоқ, жыл басында бірқатар фильмдер легін түсіруді қолға алған қарашаңырақ жуырда тағы бір киноға кірісті. «Жабайы» деп аталған толықметражды фильм жеке компаниямен «Қазақфильмнің» бірлескен туындысы саналады. Дамир Әбілханов түсіретін кинокартинаның бас кейіпкерін таңдау кастингіне 500 дей бала қатысты. Бұдан өзге ел таныған тұлғалардан Тұңғышбай Жаманқұлв, Бауыржан Қаптағай, Қуандық Жүнісов, Фариза Есжан, Айшолпан Байтүгел, Тамирис Жанғазинова, Лидия Каден, Қылышбек Қасымбеков, Жандос Айбасов та іріктеуге түсті.