Отандық киногерлер көрерменге не әзірлеп жатыр?
Биылғы жаз актерлер үшін қыдырыстан гөрі жұмысқа толы болды. Нәтижесінде отандық шоу-бизнес өкілдері көрерменді түрлі премьерамен қуантпақ. Тілшіміз солардың бірқатарын тізбектеп көрді.
Рүстем Жаныаманов әріптестерінен қалмай, жеке дара туынды түсіріп жатыр. «Сен маған керексің» атты жобада актердің келіншегі Жанаргүл Жаныаманова да ойнайды. Актриса күйеуіне қолдау білдіріп: «Бұйырса, желтоқсанда барлық кинотеатрлардан көре аласыздар», – деп көрерменді жініктіріп қойды.
Сондай-ақ кинода актердің балалары да төбе көрсетеді. «Мамасы мен папасының киноға түсіп жүргенін көріп, біздің балаларымыздың да киноға деген махаббаты ашылды. Сол үшін осы туындыға оларды да түсіріп жатырмын», – деді Рүстем.
Түсірілім алаңына актерді өнердегі үзеңгілес достары Асан Мәжіт, Еркебұлан Дайыров, Жандос Айбасов құттықтай барып, шашу шашты. «Рүстемнің өзі бас, өзі қол, өзі аяқ болып жасап жатқан жобасы. Бізге де жұғысты болсын, әрі досымыздың көрермені көп болсын», – деп ақжарма тілегін білдірді Еркебұлан Дайыров.
Ал Жаныамановатың өзі болса дебютті фильмі жайлы: «Бұндай фильм бұрын-соңды болмаған. Фантастикалық комедия», – деп таныстырды. Айтуынша, жоба таңқаларлық сахналар мен толассыз экшн көріністермен ерекшеленеді.
Ақан Сатаев та түсірілім алаңында қызу жұмысқа кіріскен. Бүгінгі таңда ол кезінде көрермен көзайымына айналған «Рэкетир» фильмінің үшінші бөлімін таспалап жатыр. Желідегі парақшасына түсірілім алаңынан бэкстейдж салған ол: «Біздің краштар 20 жылдан соң. Сәкенмен (Аминов – ред.) мен 35 жылдан артық таныспын. Біз Жүргеновте режиссерлікті бір үзім нанды бөлісе жеп жүріп оқыдық», – деп жазды. Мұны көрген желідегі жұрттың бірқатары режиссерге сәттілік тілесе, енді біреулері өтініш білдірген. «Жан Байжанбаевсыз кино қызықсыз болады», «Саянды түрмеде заказбен өлтіріп тастамай ма? Вроде кек қайтты емес пе?», «Үшінші бөлім қызықты болады деп күтемін!» деп жазды олар.
Сатаевтың сиясы кеппеген туындылары мұнымен бітпейді. Қыркүйектің 19-ы күні оның режиссерлігімен таспаланған тағы бір фильм жарық көрмек. Қазіргі таңда «Моя половина» атты су жаңа туындының трейлері таныстырылды. Фильмнің оқиғасы ажырасудың қиын кезеңін бастан өткерген екі ғашыққа арналған.
«Бұл қызықты әрі тамаша режиссерлік тәжірибе болды. Біз көптеген актерлік құраммен бірге осы шынайы, күлкілі және романтикалық оқиғаны бір локацияда беруге тырыстық, әрі ол сәтті болды деп ойлаймын. Енді көрерменнің бағасын күтемін», – деп ағынан жарылды режиссер.
Айта кетейік, бұл туындыда Сатаевтың қазіргі сүйіктісі – Томиристі сомдаған Альмира Тұрсын басты рөлді ойнайды.
Сәбит Әбдіхалықов пен Айгүл Иманбаеваның ұлы Асылжан Әбдімүтәлі де комедия ұсынбақ. Трейлері шығып үлгерген «Көке» фильмі көрерменге 5 қыркүйектен бастап жол тартады. Туындыны түсірушілер «Абсурдтық комедия жанрындағы алғашқы қазақстандық фильм» деп жұртты тамсандырып қойды.
Жуырда шетелден білімін жетілдіріп келген Иманбаева жобаның Бас продюсері болып бекітілген. Сәбит Әбдіхалықовтың өзі де қалмай, түсірілім алаңына келіп, баласына бата беріп, тәрелке сындыру дәстүріне қатысты. Бұл ақпарға қатысты желідегі жұрттың айтары да жоқ емес. «Осы жанрда бәрі фильм түсіріп кетті. Бір көріп кейін ұмытып қаламын. Неге детектив, мелодрама, түсірмейді екен?», «Сәттілік, Айгөлек! Ата-анасы болып алғашқы қадамын қолдап жатқандарың қандай өнеге. Табысты туынды, жемісті еңбек болсын!» – деп жазды оқырмандар.
Басы даудан арылмаған «Қазақфильмнің» экс-басшысы Азамат Сатыбалды Қытайға жол тартқан еді. «Қазақ-қытай киносын түсіруге бара жатырмыз» деген ол жуырда елге қайтып оралды. Инстаграмдағы сторис бөлімі арқылы жүзін көрсеткен ол бірер күннен кейін көрші елге тағы аттанатынын айтты. Бірақ өзі басы-қасында жүрген жоба жайында тіс жармады.