Жаңа жыл қарсаңындағы жанталас: 10 млн теңге алатын әнші кім?
Жаңа жыл қарсаңында әнші атаулының аяғы жерге тимей кететіні бар. Осыған орай түрлі мекемелерден мерекелік кештерге шақырту алатын өнер иелерінің қаламақысын бағамдап көрдік.
«Көкжәшіктегі әр арнаның жаңажылдық тартуынан мені көресіз» дегенді айтып мақтанған Мәдина Сәдуақасова мекемелердің де жеке кешінде өнер көрсетіп үлгереді екен. Әкімшісінің айтуынша, Мәдинаның Алматыда өтетін кештерде ән салғаны үшін алар қаламақысы – 1 млн 500 мың теңге.
Бұл сома үшін ол алты ән айтып береді. Сондай-ақ тапсырыс берушілердің сұрауы бойынша көңіл көтеріп билейтін ырғақты әрі лирикалық туындылар шырқайды.
Ал әншіні Астанаға алдырсаңыз, бұл сомаға 1 млн теңге үстеме қосасыз. Яғни, 2 млн 500 мың теңге санап беруге тура келеді. Бұдан өзге қасындағы көмекшісі екеуіне ұшаққа барып-қайтар билет пен жатын орынының ақысын тағы көтеріп аласыз. Айтпақшы, әншіні түсіретін қонақүйіңіз бес жұлдызды болуы міндетті.
Жанболат пен Жазира да жаңажылдық кеште әсем әннен шашу шашуға дайын. Ару қала Алматыны мекендеген жұлдызды жұптың Астана төрінде өнер көрсеткені 2 млн 500 мың теңге тұратын болып шықты.
Мұның ішіне жол ақысы мен жатын орыны қатар кіреді. Ал Алматыда ән айтқандарына 2 млн теңге алады. Ерлі-зайыптылардың да бір кеште айтар әнінің саны – алтау.
Шахизада Байпатшанова да жаңажылдық кештің көркін әсем әнмен кіргізуге әзір. Бірақ еліміздің еңбек сіңірген қайраткерінің қаламақасы өзгенікіндей шарықтап тұрған жоқ. Әнші 300 мың теңгеге төлесеңіз, думанды кеште 3-4 өлең айтып береді. Егер залдағы қонақтар көңілі түсіп билей жөнелсе, қосымша бір-екі ән айтып беруден тартынбайды.
Бірақ бұл сома әнші өзі қоныстанған Алматы қаласы бойынша. Астанадағы мекеме қызметкерлері алдында ән шырқағаны 500 мың теңге көлемінде. Бірақ екі адамға ұшаққа барып-келу үшін билет алып беруіңіз керек.
Балжан Бидаш та жаңажылдық кештердің көркін қыздыруға кіріскен. Баян Мақсатқызының тәлімін алған әншінің де алар ақысы аз дей алмаймыз. Ол 4-5 ән айтқаны үшін 1 млн теңге қаламақы сұрайды.
Егер Астана қаласына шақырсаңыз, бұл ақының үстіне тағы 500 мың теңге қосуыңызға тура келеді. Сондай-ақ қонақ үйден екі адамға жатын орын алып беріп, жол кіренің шығынын көтеріп алу өзіңізге жүктеледі.
Қаламақысы қымбат әншілердің көшін бастап тұрғандар сабында Садраддин тұр. Оның жаңажылдық бір кеште өнер көрсеткені – 10 млн теңге.
Бұл сомаға Садраддин де 6-7 ән айтып береді. Ал Астана қаласындағы жаңажылдық кешке алдырсаңыз, өнер көрсеткеніне алатын бұл қаражаттың қасына жол-күресі мен жатын орынына қосып төлейсіз.
Ал Динара Сұлтан көбіне Республикалық деңгейдегі кештерде төбе көрсетуді жөн көретін болып шықты. Мұны әкімшісі көпбалалы ана болғандықтан, уақытының тығыздығымен байланыстырды.
Бір жағынан өнер иесінің жеке кәсібі болғандықтан, той-томалақ пен жаңажылдық кештерге шығуға басымдық бермейтін болса керек.
Қайрат Нұртас пен кештерді қос тілде қатар жүргізетін Қайрат Әділгерейдің жұмыс кестесі күнібұрын толып қойған екен. Сонымен қатар кеш жүргізудің шеберіне айналған бірқатар шоумендердің де мұрынына су жетпей жүрген жайы бар. Осы ретте той-жиынды қазақ және орыс тілінде қатар жүргізетін актер, асабалардың да асығы алшысынан түсіп тұр.
Әнші атаулының жаңа жылды желтоқсанның соңғы күнгі сақылдаған сары аязында емес, жылы жақтағы жағалауда қарсы алатынын осыдан-ақ бағамдай беріңіз...