ОТ пен СУДЫҢ ортасындағы Орталық Азия: ПУТИННІҢ туған күнінде ТОҚАЕВ қандай тост айтады?
– Ресей президенті Владимир ПУТИННІҢ туған күні. Ол биыл 71 жасқа толады. Ертең Путин туған күнін желеу етіп, Орталық Азия басшыларын Кремльге жинамақ.
Өзбекстан президенті Шавкат МИРЗИЕЕВ үш күндік ресми сапармен Ресейге кеше ұшып кеткен. Енді Шавкат Мирамонұлы ресейлік әріптесінің туған күнін тойлап бір-ақ қайтады.
Өзбек президентінің баспасөз қызметі бұл сапар туралы былай деп хабарлады: «Ресей президенті Владимир Путиннің шақыртуымен 5 қазан күні Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев ресми сапармен Ресейге барды. Бағдарламаға сәйкес, мемлекет басшысы Қазан қаласына және Мәскеуге барады. Онда кеңейтілген және шағын құрамда жоғары дәрежедегі келіссөздер өтеді...»
Ш.Мирзиеевті Татарстан раисы Рустам Минниханов күтіп алды. Фото: Татарстан раисының баспасөз қызметі.
Мемлекет басшыларының ресми сапарлары ұзақ уақыт бойы дайындалатыны белгілі. Оның үстіне Өзбекстан да Ресейге әбден тәуелді. Сондықтан «Шавкат Мирзиеев НЕГЕ Мәскеуге шауып барды?» деген сұрақтың ауқымы кең. Десе де өзбек басшысының бұл сапары Путиннің туған күнімен тұспа-тұс келуі кездейсоқтық емес сияқты. Орталық Азияның өзге президенттері Мәскеуге келгенше Путин Мирзиеевтің «иін қандырып» қоятыны анық.
Бізге жеткен инсайдерлік дерекке қарағанда, соңғы уақытта Путиннің жүйкесі балалайканың қатты бұраған шегіндей дызылдап әрең жүр.
Себебі белгілі: бұрынырақта «мұңы бір бесеу» Қытай төрағасы Си Цзинпиннің аудиенциясында болған. Соңғы он-он бес күнде Орталық Азия басшылары АҚШ пен Еуропаға іркес-тіркес барып қайтты. 21 қыркүйекте Нью-Йоркте Орталық Азия лидерлерінің саммиті тұңғыш рет өтіп, оған АҚШ президенті Джо БАЙДЕННІҢ өзі қатысты.
Қ.Тоқаев пен Д.Байден. Фото: Ақорда
Бір аптадан соң Орталық Азия елдерінің төрт президентімен және Түркіменстанның ұлттық лидерімен (президент ұлының орнына әкесі келді – ред.) Берлинде Германия канцлері Олаф ШОЛЬЦ кездесті.
Ресей мен Украинаның арасындағы соғыс созылып, Путин дегеніне жете алмай, жүйкесіне онсыз да салмақ түсіп жүргенде бұл кездесулер оған қосымша соққы болғаны анық.
Германия канцлері Олаф Шольцпен бірге брифинг өткізген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ: «Санкцияны айналып өту мәселесіне келер болсақ, сөз жоқ, Қазақстан санкциялық режимді сақтайды. Санкция режимін сақтау жөніндегі тиісті ұйымдармен біздің байланысымыз бар. Сондықтан санкция режимін айналып өту мүмкіндігі бойынша неміс жағының алаңдауына еш негіз жоқ», – деп тоқетерін айтқаны Ресей билігінің шабына шоқ түсіргендей болды. Ресейлік БАҚ «Қазақстан бізді сатып кетті» деп тағы да ұлардай шулады.
Әзірге Қазақстан президентінің баспасөз қызметі Мемлекет басшысының Мәскеуге сапары жайлы ешқандай хабар таратқан жоқ. Бірақ бізге жеткен ақпаратқа қарағанда, Ақорда туған күнге шақырту алған. Егер Кремльдің жоспары аяқ астынан өзгеріп кетпесе, туған күн дастарханының «басты қонағы» Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болуы мүмкін.
Өйткені Ресеймен әлемдегі ең ұзын шекарасы бар шағын мемлекеттің тізгіні уысынан шыға бастағаны, әрине, Кремльге ұнай қоймайды. Сол себепті де ашық та жабық есіктердің арғы жағында өтетін түрлі кездесулерде Қазақстан президентіне қысым қатты болмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тығырықтан да шығар жол таба ала ма? Өткен жылы жазда Петербургтегі халықаралық экономикалық форумда Ресей билігінің рупоры Маргарита СИМОНЯН ДНР мен ЛНР-дің тәуелсіздігі туралы «жоспарланбаған» сұрақ қойып, Қазақстан президентін састырмақ болғаны есте. Бірақ Тоқаев Қазақстанның квазимемлекеттерді не үшін мойындамайтынын өте ұтымды түсіндіріп беріп, симонян-кеосаяндардың аузына құм құйған.
Қ.Тоқаев. Фото: АР
Алпауыт ойыншылар НЕГЕ Орталық Азияға көз тіге бастады? NEGE тілшісі бұрынғы дипломат Қазбек БЕЙСЕБАЕВТАН осы жөнінде пікір сұрады.
«Әлемдік аренада Орталық Азияның маңызы артты»
– Өзбекстан президенті Мәскеуге өз мәселесін шешуге барды деп ойлаймын. Өйткені Өзбекстанның еңбек мигранттары Ресейдің бас ауруына айнала бастады. Өткенде Ресей мен Солтүстік Корея президенттері кездескенде Солтүстік Корея азаматтарын Ресейге жұмыс істеуге әкелу мәселесі талқыланды. Неге? Себебі олар тастай тәртіпке үйренген. Ал енді өзбек мигранттары неге проблемаға айналды? Олар қоғамға сіңген жоқ, өздері жеке тұрады, өз дәстүрі бар, намаз оқиды, тағысын-тағы.
Екінші мәселе, Өзбекстан газдан тапшылық көріп отыр. Естеріңізде болса, былтыр қыста Өзбекстанда қатты суық болып, газ жетпей қалды. Енді олар Ресейден газ алмақ ниетте. Мирзиеев Мәскеуге осы мәселелерді шешу үшін баруы мүмкін.
Соңғы уақытта әлемдік алпауыттар Орталық Азияға көз тіге бастады. Оның себебі халықаралық және әлемдік саяси аренада жаңа тәртіп орнап, Орталық Азияның маңызы артты.
***
Соңғы саяси процестерді саралап көрсек, Путиннің биылғы туған күні көңілсіз өтетін сияқты. Кремльдің мұндай сұрқай атмосферасында мемлекеттік позицияны қорғау былай тұрсын, тост айтудың өзі ауыр болмақ.
Бірақ біз Қасым-Жомарт Кемелұлының Кремльдегі «мәртебелі дастарханда» айтар сөзін жұптап, тас-түйін дайын отырғанына сенімдіміз...