Өрт-тактикалық оқу-жаттығуы қалай өтеді?

Қысқа тұйықталудың салдарынан әкімшілік ғимарат өртенді. Өрттің әкімшіліктің жанында тұрған өзге де ғимараттарға өту қаупі бар. Әзірге зардап шеккендер туралы мәлімет белгісіз. Қызыл жылын шарпып жатқан ғимаратқа жедел түрде өрт сөндірушілер келіп жетті. Әрине, бұның барлығы жалған ақпарат.
Бұл төтеншеліктердің өрт-тактикалық оқу-жаттығу шараларын өткізуге арналған және алдын ала ойластырған арнайы сценарийі. Алматы облысы Қонаев қаласының Заречное ауылында осындай арнайы оқу-жаттығу болып өтті. Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті 2022 жылдың 26 қазанында Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, осындай шара ұйымдастырды.
Өрт-тактикалық оқу-жаттығулар қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің әкімшілік ғимаратында арнайы дайындықпен жүргізілді. Мұндай жаттығулардың мақсаты айқын. Осындай Төтенше жағдайлар кезінде өрт сөндірушілердің бірлесіп жұмыс істеу дағдысын арттыруды, сонымен қатар өрт сөндіру техникасын меңгеруді үйретіп, арнайы дайындықпен пысықтап отыруды мақсат тұтады. Өрт сөндірушілерді апат болған аймаққа дайындықсыз жіберу мүмкін емес екендігін ескерсек, өрт сөндірушілер әрдайым осындай оқу-жаттығулардан өтіп тұрады. Мұндай жаттығулардың арқасында өрт сөндірушілердің физикалық дайындығы да пысықталады.
Жоғарыда аталып өткен сценарий кездейсоқ таңдалып алынған жоқ. Қысқа тұйықталудың салдарынан өрт шыққан фактілер өрт сөндірушілердің тәжірибесінде өте көп кезедеседі. Аталмыш жағдайда өрт сөндірушілер қалай әрекет етпек? Сол жайында жаттығулар барысында мағлұматтар тәжірибе жүзінде үйретіледі. Теорияға қарағанда тәжірибе жүзінде қткізілетін оқу-жаттығулардың пайдасы өте көп. Өйткені дағды тек тәжірибе арқылы ғана келеді.
Қысқа тұйықталудың салдарынан ғимаратты өрт шарпыса, ола жанындағы ұимараттарға да лезде өтіп кету қаупі өте жоғары. Мұндай жағдайда өрт сөндірушілердің жылдам әрекет етуіне де көп нәрсе байланысты болады. Мұны ауызбен айту оңай. Дегенмен, осындай оқу-жаттығулардың арқасында өрт сөндірушілердің жылдам әрекет ету дағдысы шындалады. Бұл әлем бойынша тәжірибеден өткен тәсіл.
Сонымен, Заречное ауылында болған оқу-жаттығу барысында осы мысалдардың барлығы тәжірибе жүзінде іске асты. Өрт сөндірушілер өрттің таралу аумағын барлап, өз жұмыстарын бастап кетті. Оқу-жаттығу барысында өрт сөндіру техникалары барынша шынайы пайдаланылды. Ғимараттың ішінде қалып қойған адамдардың бар-жоғы тексерілді. Сонымен қатар, ғимарт ішінде қалып кеткен адамдар құтқарылып, сыртқа шығарылды. Өрт толығымен сөндірілді, тапсырма орындалды.
Мұндай тәжірибенің нәтижесі де жоқ емес. Осындай оқиғалар болған жағдайда өрт сөндірушілер қалай әрекет ету керектігін бірден біліп отырады.
Өрт-тактикалық оқу-жаттығу көзделген міндеттерін толығымен орындап, алғашқыда көздеген мақсаттарына жетті. Сол себепті тапсырмалардың барлығы толығымен орындалғандықтан, сабақтың нәтижесі жақсы бағалауға ие болды.
Әрине, мұндай өрт себептері тек оқу-жаттығу кезінде ғана ойдан құрастырылып қана болсын деп тілейміз.