31 Қазан 08:28

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ Батыс пен Шығыстың арасындағы «ШЫБЫН» ба?

Фото:

«Орталық Азия елдері халықаралық терроршы ұйымдардың нысанасына айналуы бек мүмкін. Батыстық арнайы қызметтің «жымысқы әрекеті» осыған итермелеп отыр...»

Қырғызстанның арнайы қызметінің ардагері Дінмұхамед АЛМАМБЕТОВ осындай мәлімдеме жасады. Бір қызығы, бірқатар қазақстандық сарапшы айқасып жатқан алпауыт елдердің бірін-бірі аяқтан шалуы үшін Орталық Азияда осындай ойран салудан тартынып қалмайтынын растап отыр.

Д.Алмамбетов. Фото: ғаламтордан

Дінмұхамед Алмамбетовтің сөзін тарқата кетсек, АҚШ пен Ұлыбританияның барлау қауымдастығы радикалды исламшыл содырлардың қолымен Өзбекстанда, Тәжікстан мен Түркменстанда мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет етіп жатыр екен. Ол әскери операцияның жоспарын құрып жатқан адамның аты-жөнінде атады. Сөзіне сенсек, бұл – «Талибан» қозғалысының негізін қалаушылардың бірі, Ауғанстанның Экономикалық мәселелер жөніндегі вице-премьері Абдул Ғани БАРАДАР екен.

Алмамбетовтің айтуынша, Абдул Ғани Барадар қазірдің өзінде ауған жерінде содырларды әскери дайындықтан өткізетін бірнеше орталық әзірлеп қойыпты. Олар Тәжікстанға басып кіріп, осы елдегі исламшылардың «ұйқыдағы» ұяшықтарымен бірігуі тиіс. Операция 2024 жылы Тәжікстанда өтетін президент сайлауының алдында басталуы мүмкін.

Бұл деректі Ресей барлаушылары растап отыр. Алмамбетовтің сөзі Ресейдің арнайы қызметінің жетекшісі Александр БОРТНИКОВТЫҢ мәлімдемесімен үндес шықты. Ашық дерек көздеріне бір жүгініп шықсаңыз, бұған таң қалудың ретін көрмейсіз. Себебі, қырғыздың арнайы қызметінің ардагері өзінің ресейшіл ұстанымымен көзге түседі. Сұхбаттарында Ресейдің қазіргі саясатын қорғайды. Қырғыз «ұлтшылдығын» аямай сынайды. Және Донбасқа «гуманитарлық миссиямен» барған алғашқы қырғызстандық болып шыққан.

А.Бортников.

Александр Бортниковке оралсақ, ТМД-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік органдары мен арнайы қызметі басшыларының кеңесінде ол АҚШ пен Ұлыбританияның Орталық Азияда жанжал ошақтарын тұтандыруы ықтимал екенін айтқан-ды. Және қауіптің Ауғанстаннан және ішкі радикалдардан келетінін «болжаған».

Рас болса, батыстың барлау қызметі Ирактағы, Сириядағы және басқа да Азия елдеріндегі халықаралық террорлық ұйымдардың содырларының басын қосып, Ауғанстанға жіберуге күш салып жатқан көрінеді. Жиһадшылардың эмиссарлары ТМД аумағындағы радикалдарды тартып, идеологиялық базасын әзірлеп жатыр-мыс.

Қазақстандық сарапшы Қазбек БЕЙСЕБАЕВ мұндай қауіпті жоққа шығармайды. «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» деген халық даналығын еске салды.

«Шахматтың айлалы жүрісі бар. Бір тасын жегізеді. Бірақ қарсыластың түпкі ойын ешкім білмейді. Қазір әлемде болып жатқан оқиғалардың дені осыған ұқсайды. Қазір Батыс пен Шығыстың арасындағы тартысқа куә болып отырмыз. Батыс дегеніміз – АҚШ пен Батыс Еуропа, Шығыс – Қытай, Ресей және жалпы шығыс елдері. АҚШ-тың басты бәсекелесі – Қытай», – дейді сарапшы.  

Сарапшы бұл айтылған сөздердің қисыны, жөні бар деп есептейді. Оның пікірінше, мәселе  бізде емес. Біз тек өзара тартысып жатқан алпауыт елдердің арасында қалып қойыппыз.

«Олар бір-біріне проблема жасауға ұмтылады. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген сөз бар қазақта. Мұның артында біреулер тұр деп нақты айта алмаймыз. Дәлел жоқ. Десе де, Талибан күш алып, Тәжікстанға, Қырғызстанға шабуыл жасаса, онда бұл батыстың мүддесіне сай келеді. Орталық Азия қай жерде орналасқан? Қытай мен Ресейдің арасында», – дейді Қазбек Бейсебаев.  

Саясаттанушы Бөріхан НҰРМҰХАМЕД те Батыстың арнайы қызметінің Ауғанстандағы кейбір күштерді пайдалануын жоққа шығармайды. Бірақ бұл ойынға Талибанның араласатына сенбейді. Батыс ауған жеріндегі басқа күштерді пайдаланған күннің өзінде, оларды Орталық Азияға емес, Қытайға қарсы қоюы мүмкін екенін тұспалдайды.

«Ауғанстанда талибаннан басқа да күштер бар. Олардың артында АҚШ немесе Британия тұр деп айту қиын. Меніңше, оларды пайдаланатын болса, Орталық Азияға қарсы емес, Қытайға қарсы пайдалануы ықтимал. Қырғыз арнайы қызметінің өкілі Ресейдің сөзін қайталап отыр. Бұл – Ресейдің позициясы. Орталық Азиядағы республикаларды әдейі қорқытып, үркітіп жатқан саясаты», – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, Талибан – Ауғанстанға ұзақ мерзімге келген саяси күш. Ауған жерінен тыс жерде ешқашан бөтен қылық жасамаған.

«Әрине, жеке мемлекет болған соң, олардың мүддесі басқа мемлекеттердің мүддесіне қайшы болуы әбден мүмкін. Мәселен, Ауғанстанда қазір Амудариядан 185 шақырым канал салып жатыр. Сол каналға секундына 500 шаршы метр су кетеді екен. Бұл канал Өзбекстан, Түркменстан және Арал теңізі үшін үлкен проблема болмақ. Тәліптер бұл каналды салу жөнінде көрші елдермен ақылдасып, келіссөз жүргізіп жатқан жоқ», – дейді ол.  

Бөріхан Нұрмұхамед ауғандарда көршілеріне күш көрсету ниеті жоқ екенін айтады.

«Талибан – ішкі мәселесімен ғана айналысатын күш. Олардың саясат сахнасына шыққанына отыз жылдан асты. Осы уақытқа дейін бөтен жерде ештеңе бүлдірмеген. Билікке ұзақ мерзімге келгеннен кейін көрші елдермен дұрыс қарым-қатынас жүргізуге мүдделі. Сондықтан Талибаннан келетін қауіп жоқ деп ойлаймын», – дейді саясаттанушы.

Тегтер: