Өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің ерлігі ұмытылмайды

Асқар Забикулин өз өмірін құрбан етіп, жанып жатқан оттың ішінен тұрғындарды алып шығып, ерлікпен қаза тапты.
Оқиға 16 қарашада болды. Сағат күндізгі 10:43 шамасында Астана қаласы Бауыржан Момышұлы даңғылы №14 мекен жайындағы пәтердің отқа оранғаны туралы қоңырау келіп түседі. Оқиға орнына дереу аттанған өрт сөндірушілер межеленген жерге үш минутта жетіп келеді. Он бес қабатты тұрғын үйдің он бірінші қабатындағы пәтерлердің бірінен өрт шыққан. Пәтер іші түгел жанып жатыр, айналаны қалың түтін басқан. Жан-жағын барлап шыққан өрт сөндірушілер көмек сұрап жатқан тұрғындардың дауысын естиді. Сол себепті ең алдымен тұрғындарды құтқаруға асығады.
Қызыл жалынмен арпалысқан өрт сөндірушілер ондаған адамды эвакуациялап, бес адамды оттан аман алып шықты. Көзсіз ерлік көрсеткендердің арасында өрт сөндіруші Асқар Забикулин де бар.
Асқар Забикулин өртеніп жатқан пәтерге терезе арқылы кіру үшін жауынгерлік киімін шешуге тура келеді. Үстінде тек камуфляжбен қалады. Бетпердемен бетін бүркеп, жанып жатқан пәтердің бөлмелерін аралап шығады. Бөлме ішінде қалған әжесі мен немересін құтқарып, көрші пәтерден он жасар баланы аман алып шығады. 3 адамды құтқару кезінде денесін 80% күйік шалып, жансақтау бөліміне түсті. Дәрігерлер өрт сөндірушінің өміріне араша түскенмен, аман алып қала алмады.
Асқар Забикулинге беттің, арқаның, іштің, аяқтың жоғарғы және төменгі жағының 2-3 дәрежелі күйіктері, күйіктік шок деген диагноз қойылды.
ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сол күні тұрғындарды құтқарып, өз өмірін қатерге тіккен өрт сөндірушілерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
Қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі жедел кезекшісінің көмекшісі Асқар Забикулин I дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
18 қарашада ҚР президентінің атынан батырдың отбасына үш бөлмелі пәтерге сертификат табыстады. Ғылым және жоғары білім министрлігі қаза тапқан өрт сөндірушінің отбасына білім гранттары берілетінін хабарлады.
Ерлікпен қаза тапқан Асқар Забикулиннің өмірі үшін дәрігерлер бірнеше тәулік күресті. Ол қызметтік борышын адал атқарып, көзсіз ерлік көрсетті. Батырдың қызметтестері оны өз ісінің нағыз маманы ретінде еске алады. Асқар Забикулин мәңгі есімізде қалады, дейді әріптестері. Ол әрдайым өз ортасында зор құрметке ие. Өзін жауапты қызметкер, әділ маман ретінде таныта білген.
Асқардың артында әйелі мен екі және төрт жастағы кішкентай қыздары қалды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің отбасына көңіл айтып, жеделхат жолдады.
– Асқар Серікұлы төтенше жағдайлар саласында еңбек етіп, елімізге адал қызмет етудің үлгісін көрсете білген азамат еді. Астанадағы көпқабатты үйде болған өрт кезінде оқиға орнына шұғыл жетіп, бірнеше адамның өмірін сақтап қалды. Осы бір әрекеті арқылы ол Отан алдындағы азаматтық антына берік екенін және жанқиярлық ерлігін көрсетті. Оның есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын, – деп жазылған жеделхатта.
Сонымен қатар, қызметтік борышын адал атқарып, ауыр жарақаттан қаза тапқан Асқар Серікұлы Забикулиннің құрметіне Астана қаласындағы көшелердің біріне есімі беріліп, бюсті орнатылады.
– Министрлік пен өзімнің атымнан Асқар Забикулиннің туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Ол өз ісінің маманы ретінде жадымызда мәңгі қалады. Асқардың отбасына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіледі.
Асқардың үзілген өмірі – өрт сөндірушілердің жұмысының оңай еместігіне, сонымен бірге әрқашан өмірге қауіп төндіретін мамандық екеніне дәлел. Ол жағдайдың күрделілігі мен қауіптілігін түсініп, өз міндетін соңына дейін орындады. Әріптесіміз мәңгі есімізде, – деді Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.
Өңірлердегі Төтенше жағдайлар департаменті Асқар Забикулинді еске алып, рухына тағзым етті. ТЖД қызметкерлері Республика бойынша өрт сөндірушіні бір минут үнсіздікпен еске алды.
Ерлік көрсеткен Забикулин Асқар Серікұлын әріптестері мен жақындары Көкшетау қаласында ақтық сапарға шығарып салды. Ол өзінің туған жері, Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданы, Казгородок ауылында жер қойнына тапсырылды.
Асқар Забикулиннің өліміне себеп болған «Кахарман» тұрғын үйінің пәтерінде болған өрттің неден болғаны анықталды.
«2022 жылғы 16 қарашада Бауыржан Момышұлы даңғылы, №14 бойынша «Кахарман» тұрғын үйінде өрт орын алған, өрттің шығу себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуына әкеп соқтырған ұзартқыш желісіндегі ақау себеп», - деп айтылған хабарламада.
Өрт сөндірушілердің жұмысы қауіп-қатермен байланысты. Апат кезінде өрт сөндірушілер көзсіз жанкештілікке барады. Асқар Забикулиннің ерлігі дүйім жұртты елең еткізбей қоймады. Ол төтенше жағдай кезінде тек өзінің қара басын ойлаған жоқ. Қызметіне адал болып, нағыз өрт сөндірушідей әрекет етті. Бейбіт күннің батыры көрсеткен ерлік қашанда ел есінде.