USD
USD
USD

Өрт сөндірушілерге кедергі келтірген көлік бүлінсе, кім жауап береді?

Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, төтеншеліктер заң аясында әрекет етсе, өрт кезінде кедергі келтірген мүлікке зиян келтірсе де, олар материалдық жауапкершілікке тартылмайды.

Өрт
Фото: threads.com/@brus_kz

Астана, NEGE. Абзал Құспан «Азаматтық қорғау туралы» заңға сәйкес, өрт сөндіру кезінде құқыққа сыйымды әрекет еткен қызметкерлер мен оларға көмектескен азаматтар келтірілген нұқсанды өтеуден босатылатынын мәлімдеді.

«Меніңше, бұл мәселеге қатысты қандай да бір өзгеріс немесе толықтыру енгізудің қажеті жоқ. Арнайы «Азаматтық қорғау туралы» заң бар, соның 63-бабында мұндай жағдайлар нақты реттелген. Осы бапқа сәйкес, өрт сөндірушілер де, тіпті оларға ерікті түрде көмектескен азаматтар да материалдық жауапкершіліктен босатылады. Әрине, олардың әрекеті заңды деп танылған жағдайда», – деді ол.

Депутаттың айтуынша, егер өрт сөндірушілерге қатысты сот шешімдері олардың пайдасына шықпайтын болса, мұндай тәжірибені зерделеу қажет.

«Егер өрт сөндірушілерге қатысты теріс сот актілері болса, оларды зерттеуге дайынмын. Әдетте біз сот тәжірибесін талдаймыз. Егер ол дұрыс қалыптаспаса, қажет болған жағдайда заңға толықтыру енгіземіз. Бірақ бұл жағдайда материалдық заңда бәрі нақты әрі түсінікті жазылған», – деді депутат.

Сонымен қатар ол мұндай жағдайларда кейде құтқарушылардың нақты әрекет алгоритмін білмеуі немесе жауапкершіліктен қауіптенуі жұмысқа кедергі келтіруі мүмкін екенін айтты. Сондықтан ТЖД басшылығы жеке құрамға заң нормаларын түсіндіру қажет. 

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков құтқарушыларға жолдағы кедергілерді ешкімді күтпей, бірден алып тастауға мүмкіндік беруді ұсынды. Сөзінше, қажет болса, олар шлагбаумды бұзып, қақпаны ашып, тіпті жолға бөгет болған көліктерді де зақымдай алуы керек. Ал көлігін ережені бұзып қойған жүргізушілерге мұндай жағдайда өтемақы төленбеуі тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін Астана қаласында көпқабатты тұрғын үйде өрт шығып, үш бала көз жұмды. Оқиға кезінде аулаға кіретін жалғыз жолды тұрғындардың бірінің көлігі жауып қалып, өрт сөндірушілердің дер кезінде жетуіне кедергі келтірген. Кейін көлік иесіне әкімшілік айыппұл салынды.

Қазір оқып жатыр

Чернобыль ликвидаторларының жәрдемақысы өспейді: Министр кесіп жауап берді

чернобыль

Алматы жұрты Мұхтар Шахановпен қоштасты

Қоштасу рәсімі

Ең төменгі жалақы 150 мың теңгеге қашан жететіні беймәлім

ақша

Жағалаудағы құрылыс кезінде 170 млн теңге жымқырған: Көкшетауда шенеунік сотталды

блогер соты