8 Сәуір 18:53

Орманшыларға лизинг арқылы арнайы техникалар сатып алынады

Фото:

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мәжіліс депутатының сауалына жолдаған жауабында орманшыларға лизинг арқылы 9,8 млрд теңгенің техникасы мен жабдығы сатып алынатынын мәлім етті.

Алматы, NEGE. «Мемлекет басшысының орман қорына 5 жыл ішінде 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион түп ағаш отырғызу туралы тапсырмасын іске асыру мақсатымен мемлекеттік орман иеленушілердің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Табиғат қорғау және орман қорғау мекемелерін, облыс әкімдіктерін материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту үшін 2021 жылы 3,174 млрд теңге бөлінді. Оларға патрульдік автомобильдер, өрт сөндіру техникасы, тракторлар, мотоциклдер мен тіркеме жабдықтар сатып алынды», - деп жазылған Үкімет басшысының жауабында.

Оның айтуынша, орман алқаптарын қалпына келтіру және ағаш егу жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында табиғат пен орман қорғау мекемелерін арнайы техникамен жабдықтауға шамамен 16,033 млрд теңге қарастырылған.

«Оған қоса бүгінгі таңда табиғат қорғайтын және орман күзетіндегі мекемелердің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту ісін лизинг арқылы шешу мәселесі пысықталуда. Қаржыландырудың бұл түрімен 9,812 млрд теңгеге 1034 техника мен жабдық сатып алу жоспарланып отыр. Жыл басындағы дерек бойынша, орман саласындағы штаттық қызметшілердің саны – 11 883 адам. Оның ішінде 461 штат бос тұр. 2022 жылы жоғары оқу орындарын орман шаруашылығының 1756 маманы бітіріп шығуы керек (бакалавриат – 1726, магистратура – 22, докторантура – 8)», - делінген Премьер-Министр жауабында.

Тегтер: