«Ордаға» тағы шабуыл жасады

Orda.kz сайтына хакерлер тағы да шабуыл жасап, сайтты жауып тастады. «Тағы да» дейтініміз, 21 шілде күні сайтқа алғашқы күшті шабуыл жасалған болатын.
Бұл туралы сайт редакторы Гүлнара Бажкенова былай дейді: «21 шілдеде сайтқа шабуыл жасалған соң үлкен жұмыс атқардық. Ұсыныс бойынша мықты компанияны жалдадық, жеке сервер сатып алдық, жаңа хостингке көштік, қорғаныстың түрлі тәсілін қолданып, төрт күн бұрын сайтты қайтадан іске қосқанбыз.
Сайт екі сағат жұмыс істеді де, қайтадан шабуылға ұшырады. Жарты минутта 5 млн сұрау түскен. Аитишник жігіттер таң-тамаша қалды. «Сіздер кімсіздер?», – деп сұрайды бізден.
Сайт шыдамады, тағы құлады. Чат-боттар арқылы бізге «сендерге сайт ашуға ешкім рұқсат берген жоқ» деген хаттар келді.
Екі күн бұрын жағдай тағы қайталынды. Шабуыл күшейіп, кедергі көбейді. Бұдан бөлек, менің поштамды бұзды, журналист Мария Горбоконенконың аккаунтын бұзуға тырысты.
Г.Бажкенова. Фото: esquire.kz
Енді міне, кеше маған хабар жетті. Қайырымды адамдар жеке зерттеу жүргізіп, Ордаға мерзімсіз тапсырыс түскенін, яғни әлдекімдер сайттың толықтай көзін жоюға бекінгенін айтты. Агенттіктің шетелде орналасқанын, олардың әлемдегі ең мықтылардың бірі екенін, біздің ешқандай қауқар көрсете алмайтынымызды ескертті.
Олар орыс жігіттер екен, Швейцарияда тұрады. Осындай тапсырыстар арқылы жағдайларын жасап алған», – деп жазды Г.Бажкенова.
Бажкенованың айтуынша, үш күн бұрын редакцияға белгісіз адамдар келіп, өздерін «ҰҚК-денбіз» деп таныстырған. Олар сайттың бенефициарын анықтауға тырысыпты. Назарбаевтар мен Нығматулиндер туралы сайтта жарияланған материалдарды көрсетіп, «кім тапсырыс берді?» деп сұраған. «Алайда олар ҰҚК қызметкерлеріне ұқсамайды», – дейді бас редактор.
Бас редактордың пайымдауынша, сайтқа шабуылдауға себеп болған – шпиондықпен айналысатын «Арканум» деп аталатын халықаралық компаниямен тұңғыш президенттің байланысы және британдық лорд әрі кәсіби лоббист Эвансты жалдау туралы материал.
«Ұлт көшбасшысы өз ұлтымен соғысуға дайындалып жатқанын айттық. Осыдан кейін сайтқа шабуыл үдеді», – дейді ол.
Фото: ғаламтордан
«Сайтты қалпына келтіру үшін 35 мың доллар жұмсадым» деген Г.Бажкенова мемлекеттік органдардан – ҰҚК-ден, жауапты министрліктен көмек сұрады.
Естеріңізде болса, өткен жылдың соңында NEGE порталына да дәл осындай шабуыл жасалып, портал екі күн бойы жұмысын тоқтатқан еді. Ол кезде NEGE-нің нысанасына экс-президенттің інісі Болат Назарбаев іліккен болатын...