11 Маусым 12:12
...

«Орда» басылымын рейдерлік жолмен басып алу және бас редактор Гүлнара Бажкенованы шеттету әрекеті дайындалып жатыр

Гүлнара Бажкенова
Фото: Orda.kz

«Орда» интернет-порталының бас редакторы Гүлнара Бажкенова өзін шеттету мен басылымды басып алу әрекеттері дайындалып жатқанын мәлімдеді.

Алматы, NEGE. «Orda.kz редакциясы мен бас редактор Гүлнар Бажкенова жарты жылдан бері қудалауға, қоқан-лоқы мен үнемі болатын қысымға ұшырап келеді. Біздің қызметкерлеріміздің мекенжайларына бейтаныс адамдар келіп, өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырып, көршілерден сұрақ-жауап алып, жасанды суреттерді көрсетіп, журналистің іздеуде жүргенін айтып кеткен жағдайлар да тіркеліп жатыр. Редакция қызметкерлерінің жеке телефон нөмірлері OLX бағдарламасының жарнамаларына тарап кетті. Мысалы, тұрмыстық техника, сатылатын күшіктер мен мысықтар, сондай-ақ шетелдік жыныстық қызметтер туралы жалған хабарландырулармен бірге қызметкерлеріміздің нөмірлері жарияланып жатыр. Бұл нөмірлер автосалондар, медициналық орталықтар, дағдарыс орталықтары мен басқа да коммерциялық ұйымдардың байланыс нөмірі ретінде де көрсетіліп жатыр. Соның салдарынан қызметкерлер тәулік бойы қоңырау мен хабарламалардың астында қалды. Бұл мәселе әріптестеріміздің жұмысына кедергі келтіріп, жеке өмірінің шырқын бұзды», – деп жазды Бажкенова. 

Журналистердің аты-жөні мен фотосуреттерін пайдаланып, әлеуметтік желіде жалған парақшалар ашылды. Олардың атынан жалған ақпараттар жарияланды. Тіпті, бас редактор Гүлнар Бажкенованың қайтыс болғаны жөнінде жалған мәлімдеме жасалған. 

Сондай-ақ «Орда» аккаунттары әлеуметтік желілерде бұғатталып, құпия чаттарда журналистердің денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін хабарламалар келіп жатқаны айтылды. 

«Сонымен қатар «Орда» редакциясының әлеуметтік желі парақшаларына спам-шабуылдар жасалды. Еш негізсіз шағымдардың кесірінен TikTok пен Facebook парақшалары бұғатталды. Instagram парақшасы екі рет бұғатталып, тек Meta компаниясы араласып, ақпараттарды саралаған соң қайта ашылды. Осы аптада бас редакторымыздың жеке парақшасы бұзылып, хакерлер шабуыл жасады. Осы оқиғалардың бәрін редакция бұған дейін де жариялаған еді. Енді құқық қорғау органдарына ресми өтініш дайындап жатыр. Алайда бұл істе әділ тергеу жүргізіле қояды деген үміт аз. Бізге қарсы ұйымдастырылып жатқан бұл шабуылдардың артында қолында билігі бар, әкімшіліктегі ресурстарға қолы жететін, қаржысы мен ықпалы бар адамдар тұрғаны анық. «Орда» редакциясы ешбір бұғауға көнбеген соң, журналистерімізді қуғындап, қорқыта бастады. Жоғарыда айтқан шабуылдардың бәрі содан басталды», – делінген жазбада.

Бажкенованың айтуынша, басылымды рейдерлік жолмен тартып алу, яғни заңды тұлғаны күшпен иемдену арқылы редакцияны басып алу жоспары іске қосылған.

«Тәуелсіз ақпарат құралына үстемдік жүргізу үшін барынша әрекет еткен күштер ақыры бас редактордан «Орданы» өзге «тәуелсіз» медиалар шоғырланған бірыңғай орталыққа өткізуді талап етілді. Бұл талаптан бас тартқаннан кейін, басылымды рейдерлік жолмен тартып алу, яғни заңды тұлғаны күшпен иемдену арқылы редакцияны басып алу жоспары іске қосылды. Мұндағы мақсат – «OrdaMedia.kz» ЖШС-нің негізін қалаушысы, бас редакторы және бас директоры Гүлнара Бажкенованы шетқақпайлап, ықпалды ақпарат құралын ашса алақандарында, жұмса жұдырықтарында ұстау», – делінген хабарламада.