12 Желтоқсан 17:07
...

Оралда пәтерлердің бірінде өрт сөндіру кезінде қатты жарылыс болды

Уральская Неделя/видеодан кадр
Фото: Уральская Неделя/видеодан кадр

Оралда көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінен өрт шығып, өртті сөндіру кезінде балконда газ жарылған.

Астана, NEGE. Желіде тараған бейнежазбалардан өртсөндірушілердің бірінің сатымен өрт шыққан пәтерге қарай өрмелеп бара жатқанын, тағы бір өртсөндірушінің балконда тұрғанын аңғаруға болады. Өртсөндіруші пәтер терезесіне жақындап қалғанда қатты жарылыс болады. Абырой болғанда, құтқарушылар аман қалды.

БҚО төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 112 пультіне Орал қаласындағы бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатында орналасқан пәтердің балкон терезесінен қатты түтін шыққаны туралы хабарлама келген. Оқиға орнына жедел жеткен өртсөндірушілер пәтерде жеке заттар мен жиһаздың ашық жалынмен өртеніп жатқанын анықтаған.

«Өртті сөндіру газ-ауа қоспасының жарылуы салдарынан қиындады,  терезе рамасы мен балкон шынысы сынды. Қазіргі уақытта зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ, көршілердің айтуынша, бұл пәтерде ешкім тұрмайды. Өрттің шығу себебі анықталуда», – делінген ТЖД хабарламасында.

Құтқарушылардың дер кезінде жүргізген эвакуациялау жұмыстарының арқасында үй тұрғындары ауыр зардаптардан аман қалған.

Он шаршы метр аумақтағы өрт толық сөндірілді. Өртті сөндіруге облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 23 қызметкері және 6 техникасы жұмылдырылған.