БҚО-да оқушы баланы 10 мың вольттық ток соғып, қаза болды
Қайғылы жайт 1 қыркүйек күні Круглоозерное ауылында болған.
Астана, NEGE. Облыстық полиция департаменті ақпаратты растады, деп жазады «Мой город» басылымы. Ведомствоның мәліметінше, 1 қыркүйек сағат 20:30 шамасында 10 жастағы бала қосалқы станцияға шығып, оны сол жерде ток соққан.
«Биіктен құлап, алған жарақаттары салдарынан бала ес жимастан оқиға орнында көз жұмды. Бұл дерек бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деп хабарлады ведомство.
Ауыл тұрғындары баланың электр тогының қауіпті екенін біле тұра, қосалқы станцияға әдейі шықпағанына сенімді.
«Қасында болған достары оның қосалқы станцияға қалай барғанын байқамай қалған. Олар болған жағдайды тек ток соққан сәтте ғана түсінген: қатты ұшқын шығып, баланы кейін қарай лақтырып жіберген, ол басымен түскен. Кейінірек кернеудің 10 мың вольт болғаны, ал электр разряды иығынан аяғының ұшына дейін өткені анықталды», – дейді ауыл тұрғындары.
Сол маңдағы балалар бірден марқұмның ағасына хабарласқан. Ол оқиға орнына жүгіріп келіп, жасанды тыныс алдыруға тырысқанымен, баланы аман алып қалу мүмкін болмады. Ауылдастарының айтуынша, ток баланың барлық ішкі ағзасын күйдіріп жіберген.
Жергілікті тұрғындардың сөзінше, қауіпті нысан аумағы қоршалмаған, ал қосалқы станцияның есіктері көп жағдайда құлыпталмай, сымдар сыртқа шығып тұрған. Бұл маңда балалар жиі ойнайтын болған.
Қаза болған 10 жастағы бала жергілікті мектептің 5-сыныбында оқыған. Таныстары оны ақылды, қабілетті әрі мейірімді бала ретінде еске алады.