Оралда инсульт алған науқасқа дер кезінде көмек көрсетілмеген: аурухана 4 млн теңге төлейді
Орал қаласында инсульт алған 58 жастағы ер адамға медициналық көмек дер кезінде көрсетілмеген. Науқас ауруханада қайтыс болғаннан кейін сот оның ұлының пайдасына 4 млн теңге моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарды.
Астана, NEGE. Жоғарғы сот баспасөз қызметінің мәліметінше, марқұмның ұлы әкесінің өлімінен кейін полицияға жүгінген. Алайда қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеу тоқтатылған.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменті жүргізген тексеру барысында науқасқа медициналық көмек көрсету кезінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталған.
Осыдан кейін марқұмның ұлы медицина қызметкерлерінің әрекеті немесе әрекетсіздігі әкесінің өліміне әкеп соқтырды деп есептеп, аурухана мен емдеуші дәрігерден моральдық зиянды өтеуді талап еткен.
Орал қаласының №2 соты науқастың бірнеше рет медициналық көмекке жүгінгенін анықтады. Алайда медицина қызметкерлері оны мас болған деп есептеп, қажетті тексеру жүргізуден бас тартқан. Бұл ретте оның ағзасында алкогольдің бар-жоғын анықтайтын сараптама жүргізілмеген.
Науқас Денсаулық сақтау басқармасының call-орталығына хабарласқаннан кейін ғана ауруханаға жатқызылған. Терапия бөлімінде оған ишемиялық инсульт диагнозы қойылған. Дәрігерлер ем бастағанымен, ер адам келесі күні қайтыс болған.
Сотта аурухана өкілі талап арызды мойындамады. Прокурор талап арызды ішінара қанағаттандыруды сұрады.
Сот медициналық көмектің уақытылы көрсетілмеуі науқастың өмірін сақтап қалу мүмкіндігінен айырды деген қорытындыға келді. Сондай-ақ әкесінің өлімі талап қоюшыға ауыр моральдық және эмоционалдық күйзеліс әкелгені ескерілді.
Нәтижесінде сот талапты ішінара қанағаттандырып, ауруханадан марқұмның ұлының пайдасына 4 млн теңге өндірді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Қазір оқып жатыр
Әр облыс жастар ипотекасы үшін бюджетінен 1 млрд теңге бөлу керек – «Әділет» кандидаты нақты ұсыныс айтты
Тоқаев: «Болашақ ойындары» елдер арасындағы алтын көпірге айналады
Қостанайдағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 14 жастағы мүгедек бала көз жұмды
Сауда министрлігі: Wildberries-тен Қазақстанда қойма салуға ресми өтініш түскен жоқ