Орал қалалық сотының бұрынғы төрағасы бас бостандығынан айырылды

Тасқала аудандық сотында Орал қалалық сотының бұрынғы төрағасы Руслан Жұмағұлов пен адвокат Нұржігіт Фазылғалиевке қатысты үкім шықты.
Алматы, NEGE. Р.Жұмағұлов ҚР ҚК 24-бабы 3-бөлігі – 190-бабына (алаяқтыққа оқталу) сәйкес айыпты деп танылып, 2 жыл 15 айға және 15 күнге бас бостандығынан айырылды. Осы күнге дейін үй қамағында болған ол сот залында тұтқындалды.
Р.Жұмағұлов сонымен қатар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Н.Фазылғалиев алаяқтыққа және пара беруге оқталу баптары бойынша айыпты деп танылып, оған мүлкін тәркілеумен бірге 2 жыл 7 ай 15 күнге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Ол да сот залында тұтқындалды. Н.Фазылғалиевке үш жыл адвокат қызметімен айналысуға тыйым салынды.
Сотталушылар өз кінәсін мойындап, процессуалдық келісімге келді.
Судья Әлия Теберікова қараған істен мәлім болғанындай, Руслан Жұмағұлов пайдакүнемдік мақсатта қасақана ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысқа барған. Өткен жылдың 19 маусымында кісі өлтіргені және қарақшылық жасағаны үшін 14 жылға сотталған ер адам мерзімінен бұрын босап шығу үшін өтініш берген. Бұл өтініш бұрын Жұмағұловтың хатшысы болып жұмыс істеген Орал қалалық сотының судьясы Хайрушеваға түскен.
Жазасын өтеуші адвокат ретінде Н.Фазылғалиевті жалдаған, бұған танысы көмектескен. Адвокат өз қызметі үшін 200 мың теңге сұраған. Содан кейін жазасын өтеушінің танысына судьяға пара беру керектігін айтқан, бұған ол келіскен.
29 қазанда Фазылғалиев Жұмағұловқа жолығып, клиентінің мерзімінен босап шығуы көмектесуін өтініп, 200 мың теңге ұсынған.
Бұдан кейін Жұмағұлов аталған мәселені шешу қызметтік өкілеттігіне кірмесе де, алдау жолымен аталған қаржыны иемденуді көздеп, көмектесуге уәде берген. Жұмағұловқа сенген Фазылғалиев жазасын өтеушінің танысына судьяға 1,5 млн теңге көлемінде пара беру керектігін жеткізген. Адвокат параның бір бөлігін өзінде қалдыруды шешкен. Пара беруші ҰҚК департаментіне жүгінген.
Сол күні департамент қызметкерлерінің бақылауымен Фазылғалиевке 800 мың теңге берілген. 4 қараша күні адвокат 500 мың теңге алған. Ол 1,1 млн теңгені өзі иемденіп, мұқтажына жаратқан. 200 мың теңгені Жұмағұловқа берген. Жұмағұлов Орал қалалық сотына келіп, ақшаны қызметтік кабинетіндегі сейфке салған. ҰҚК қызметкерлері тінту жүргізген кезде қаржыны тапқан. Осылайша, Жұмағұлов өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша қылмыстық іс-әрекетін аяғына дейін жеткізе алмаған.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.