«Оппенгеймер» Оскарға лайық па?
Күні кеше 96-рет «Оскар» жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл жолы Кристофер Нолан таспалаған «Оппенгеймер» фильмінің тасы өрге домалады. Америкалық ядролық ғалымның тұтастай портеретін жасаған кинокартина 11 номинацияның жетеуін алды.
Лос-Анжделос төрінде өткен салтанатты кеш бұл жолы да ың-шыңсыз өтті дей алмаймыз. Мәселен, америкалық актер Джон Сина сахнаға «Үздік костюм дизайны» номинанттарын таныстыру үшін анадан жаңа туғандай тыр жалаңаш шықты. Ұятты жерін қолымен көлегейлеп алған ол ең жақсы костюмдер номинациясы бойынша жеңімпазды жариялады.
«Бақытсыз кедей» фильмі де «Оскар» алды. Ал осы фильмде басты рөлді сомдап, «Үздік актриса» аталымын иеленген Эмма Стоунның қыруар қаржы тұратын Louis Vuitton брендті көйлегінің сыдырмасы ажырап кетіп, сахнаға ыңғайсыз күйде шықты.
«Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік актер», «Үздік саундтрек», «Үздік операторлық жұмыс», «Үздік өңдеу», «Екінші пландағы үздік актер» аталымдры бойынша мүсінге ие болған «Оппенгеймер» жайлы хикая бұған дейін де бірнеше байқаудың аталымдарын ұтқан. Атап айтар болсақ, «Алтын глобус» байқауында 5 номинация, ал «Сыншылардың таңдауы» байқауында 8 номинация бойынша жеңіске жеткен.
«Оппенгеймер» – атом бомбасын жасаушы Роберт Оппенгеймер туралы эпикалық өмірбаяндық триллер. Фильм Кай Берд пен Мартин Шервиннің деректі кітабына негізделіп түсірілген. Оның Манхэттен жобасына жетекшілік етуі, соның ішінде Троица сынағы мен қауіпсіздік рұқсатынан айырылған кезеңі боямасыз суреттеледі.
Фильмде басты рөлдерді Силиан Мерфи, Эмили Блант, кіші Роберт Дауни және Флоренс Пью ойнайды. Картинаны түсіру 2021 жылы басталып, премьерасы 2023 жылы 12 шілдеде өтті. Бұл – Ноланның Universal Pictures демеушілігімен түсірген алғашқы фильмі. 100 млн долларға таспаланған «Оппенгеймер» бүкіл әлем бойынша 960 миллион долларға жуық табыс тауып, 2023 жылы кассалық фильмдердің көшін бастады. Ол сондай-ақ инфляцияны есепке алмай, ең жоғары табыс әкелген Екінші дүниежүзілік соғыс жайлы фильмге айналды. Жалпы Кристофер Нолан түсірген фильмдер бірінші рет кассалық рекорд орнатып отырған жоқ. Оның 2017 жылы үлкен экранға шыққан Dunkerk картинасы да дәл осындай рекорд жасаған.
Ал «Үздік түпнұсқа сценарий» аталымы «Құлау анатомиясына» бұйырды. Бұл – диалог негізгінде түсірілген фильм. Француз режиссері Джастин Тридің көркем фильмінде басты рөлді Сандра Хюллер сомдады. Премьерасы 2023 жылдың мамыр айында Канн кинофестивалінде өтіп, нәтижесінде «Алтын пальма бұтағын» алған болатын.
Киноакадемия биыл «Үздік халықаралық фильм» ретінде «Қызығушылық аймағы» туындысын таңдапты. Джонатан Глейзердің тарихи драмалық фильмі 2023 жылдың мамырында Канн қонақтарына таныстырылды. Сюжетіне тоқталар болсақ, фильм оқиғалары Польшадағы Освенцим лагерінің аумағында өтеді. Жоба өз байлығын Освенцимдегі еврейлерді тонау мен өлтіру арқылы тапқан ауқатты неміс отбасының өмірін баяндайды.
«Үздік деректі фильм» аталымы бойынша «Мариупольдегі 20 күн» туындысы озық шықты. Белгілі украиндық режиссер Мстислав Чернов түсірген деректі фильмнің әлемдік тұсаукесері 2023 жылдың 20 қаңтарында америкалық тәуелсіз Сандэнс фестивалінде өтті.
Фильм Ресейдің Украинаға басып кіруі басталғаннан кейін Черновтың қоршауда қалған Мариупольдегі әріптестерімен өткізген 20 күнін баяндайды. Туынды 2023 жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысы алдында көрсетіліп, көрермен қошеметіне бөленді. Ресейдің басқыншы саясатын әшкерелеген кино украинаның кино тарихында ең көп табыс әкелген деректі фильм саналады. Айналдырған бір жылдың ішінде әлем бойынша 20-дан астам марапат пен 40 номинацияға қол жеткізіп үлгерді.
Ал «Үздік қысқаметражды деректі фильм» – «Соңғы жөндеу шеберханасы», «Үздік қысқаметражды анимациялық фильм» – «Соғыс аяқталды! Джон мен Йоконың музыкасынан шабыт алған», «Үздік қысқаметражды көркем фильм» – «Генри Шугардың ғажайып тарихы», «Үздік анимациялық фильм» – «Бала мен құс» туындысына бұйырды.
Қалай дегенмен бұл жолы «Оппенгеймердің» жұлдызы жанды. Себебі, «Екінші пландағы үздік актер» номинациясын да онда ойнаған кіші Роберт Дауни еншіледі.
Қазақстандық белгілі киносыншы Кристофер Ноланның туындысы үздік болуға әбден лайық деп таниды.
Гүлзат КӨБЕК, киносыншы:
Бұл – ескерту!
– Қазір әлем елдерінде үлкен қақтығыстар болып жатқандықтан, фильм актуалды тақырыпқа айналды. Себебі, ядролық полигонды қайта пайдалану жөнінде еміс-еміс әңгімелер естіп жатырмыз. Мұның бәрі – қорқынышты саясат.
Тарихтан білетініміздей, белгілі физик атом бомбасын ойлап тапты. Бірақ оның ақыры немен аяқталғанын әлем жұрты жақсы біледі. Режиссер алда тағы сондай қадамға барсақ, жер бетінде адамзаттың жойыларын айтқысы келген деп пайымдаймын.
Кинода көрсетілгендей, ғалымдар арам пиғылды саясаткерлермен ықпалдасып жұмыс істемеуі керек. Өйткені ойшыл адамдардың қолында алып күш бар. Осыны пайдаланған билік олардың идеясын жүзеге асыруға қомақты қаражат бөліп, жобаны не үшін және қандай мақсатта пайдаға асыратындарын жасырын ұстайды. Соңында бомбаның күшімен бүтін бір елді жойып жібергенде, Оппенгеймер өз ісіне өкінеді. Туынды «мемлекеттің миы» саналатын адамдарды аяғын аңдап басуға шақырады. Бұл – ескерту, – дейді киносыншы.
Айта кетейік, америкалық әнші Билли Эйлиштің биыл да бағы жанды. Ол «What Was I Made for» («Мен не үшін жаралғанмын?» –ред.) әні үшін «Оскар» алды. Ол 2022 жылы Джеймс Бонд фильмінде орындаған әні үшін алғашқы «Оскарына» ие болған. Бар жоғы 22 жастағы әнші бұған дейін «Алтын глобус» және «Грэмми» жүлделерін алған.