3 Қараша 11:30
...

Операция «Ш». «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының тиімділігі НЕГЕ құлдырап кетті?

Фото:

2022 жылдың қорытындысы бойынша «Shymkent» ӘКК 375 миллион теңге операциялық шығынға ұшырады. Себебі, жалпы түсімі бар-жоғы 1,7 миллиард теңге болған. Мысалы, 2021 жылдың нәтижесінде корпорация 12,8 миллиард теңге выручка алған болатын. Shymkent тиімділігі бір жылда 8 есе төмендеп кеткен. НЕГЕ?

Корпорация операциялық шығынмен қатар, 1,5 миллиард теңге инвестициялық шығынға ұшырады. Баланста шығынды облигациялар шығарып, 3 миллиард теңге қарыз алу арқылы ғана жауып отырған жайы бар.

«Shymkent» ӘКК 2022 жылдың шоғырланған қаржылық есебі. Аудитор: Almir Consulting

«Shymkent» ӘКК инвестициялары да өзін-өзі ақтамай келеді. 2019 жылы корпорация қоғамдық көлік бағытындағы «Shymkent Bus», 2021 жылы кәсіпкерлерді қолдайтын «Shymkent Atameken» фирмаларының құрылтайшылығына кірген болатын.

Кәсіпкерлерді қолдау бағыты 2022 жылы кіріске шықса, ал қоғамдық көлік, керісінше, шығынға батырып тастады. Былтыр «Shymkent Bus» корпорацияға 164 миллион теңге шығын әкелді.

«Shymkent» ӘКК 2022 жылдың шоғырланған қаржылық есебі. Аудитор: Almir Consulting

Корпорация выручкасының күрт төмендеуі оның тұрғын үймен айналысудан бас тартқанымен байланысты. 2021 жылы 12,2 миллиард теңге түсім дәл осы жақтан келген болатын.

Ал 2022 жылы «Shymkent» ӘКК тұрғын үйді сатудан 900 миллион теңге, инвесторларға қызмет етуден 100 миллион теңге, жер телімдерін инвесторларға жалға беруден 242 миллион теңге, индустриялық аймақтардан 445 миллион теңге түсім алған.

Коллаж NEGE

Аудиторлардың Жоғарғы палатасы «әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар әу баста артылған үмітті ақтамады» деген пікірде. Себебі, олардың қазіргі функциясы, экономикаға беріп жатқан нақты әсері түсініксіз. Әрі, өңір басшылары СПК-ны өз қажеттіне қарай жығып, қалауынша пайдаланатын болған. Сондықтан әр өңірдегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар бір-біріне ұқсамайтын түрлі қызметтер атқарып кетті.   

Тегтер: