8 Шілде 16:30
...

ОПЕК – плюс, Қазақстан – минус. Абу-Дабидің позициясы мұнай нарығын НЕГЕ қайтадан құлатуы мүмкін?

Фото:

Келесі аптада ОПЕК+ техникалық комитеті Біріккен Араб Әмірліктері демаршынан тоқтап қалған келіссөздерін жалғастыруға күш салмақ. Егер тараптар, әсіресе, БАӘ, Сауд Арабиясы мен Ресей өзара келіспесе, 2020 жылғы мұнай «апокалипсисін» қайтадан көретін боламыз.

Қазақстанның Ұлттық Қоры сыртқы күштердің, басқа мемлекеттер мен олардың көңіл-күйіне толық тәуелді. Ресей мен Сауд Арабиясы екі жақты консультациялардан кейін тамыз-желтоқсан аралығындағы өндірісті күніне 2 миллион баррельге арттыруды ұсынған болатын. Ай сайын нарыққа 400 мың баррель қосу арқылы Мәскеу мен Эр-Рияд төртінші тоқсанда орын алуы мүмкін мұнай тапшылығы мәселесі шешіледі деп топшылаған болатын.

ОПЕК+ ірі ойыншыларының бұл шешіміне Біріккен Араб Әмірліктері қарсы шықты. БАӘ үшін тәуліктік өндіріс лимиті қазір 3,2 миллион баррель болып тұр. Мұндай көлемді Әмірлік 2018 жылдары өндіріп жүрген еді. Сондықтан БАЭ осы шектеулерді әділетсіз деп атап отыр.

«Мәселенің екі жағы бар және екеуі де Қазақстанға әсер етеді», – деп түсіндіреді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары. «Қазіргі шиеленіскен жағдай нарықта үрей тудырып, мұнай бағасы қымбаттауы мүмкін».

«Бірақ бұл қысқамерзімді эффект және одан Қазақстан сияқты экспортерлер ештеңе ұтпайды. Шиеленіскен жағдай 2020 жылғы сценарий бойынша мұнай өндірушілер соғысына әкелетін болса, онда мұнай фьючерстерінің құлдырауын қайтадан көретін боламыз. Және тасада АҚШ сланц өндірушілерінің жағдайды бақылап, өз сәтін күтіп жүргенін ұмытпауымыз керек»

Алдағы екі ай көлемінде мұнай бағасының күрт өсіп кету мүмкіндігіне Bloomberg те назар аударады. «Егер ОПЕК+ ымыраға келе алмаса, ол автоматты түрде ағымдағы квоталарды тамызға және одан кейінгі кезеңге ауыстырады. Бұл бағаның күрт өсуіне әкеледі», – дейді Bloomberg-пен сөйлескен «Energy Aspects» консалтингтік компаниясының сарапшысы Мэттью Холланд.

«ОПЕК + мүшелерінің көпшілігі мұндай сценарийден аулақ болғысы келеді. Мұнай бағасының күрт өсуі және басқа тауарлардың қымбаттауы ортақ инфляцияның өсуіне алып келеді. Оны орталық банктер қаламас еді»

Осы аптада АҚШ Энергетика министрлігі Brent бағасының 2021 жылға арналған болжамын барреліне 65 доллардан 69 долларға көтерді. Оны министрлік Brent маркалы мұнайдың спот бағасы маусым айында орта есеппен барреліне 73 долларға жеткенімен түсіндіреді. Алдағы айларда АҚШ Энергетика министрлігінің болжамы бойынша, ОПЕК+ елдеріндегі мұнай өндірісі тұтыну деңгейінен жоғары болуы тиіс.

Қазақстанға қазіргі лимиттердің сақталып, мұнай бағасының осы деңгейден түспеуі тиімді болар еді. Себебі қазір Ұлттық Қорды толтыра бастау үшін тұрақтылық керек болып тұр. Картельдің тым жедел шешімдері, ішкі қайшылықтары мұнай бағасына жағымсыз әсер беретіні анық.

Биыл еліміз мұнайдан 14 миллиард доллар кіріс көруге ниеттеніп отыр. Тек ол жоспар мұнай бағасы құлдырап кетпей, қазіргі деңгейінде тұрса ғана орындалатын болады.

Тегтер: