«Оп-оңай қағидат»: Бектенов министрлер мен әкімдерге отандық өнімге басымдық беруін тапсырды
Премьер-министр Олжас Бектенов отандық өндірісті қолдау үшін бюджет қаражатына сатып алынатын тауарлар мен материалдар Қазақстанда шығарылуы керегін мәлімдеді.
Астана, NEGE. Бүгін Үкімет отырысында отандық өндірісті дамыту және қолдау мәселесі қаралды.
Жиында премьер-министр әкімдер мен министрлерге мемлекеттен қаржы алатын компания мен сатып алынатын тауарлар Қазақстаннан шығу керегін еске салды.
«Біз бюджеттен қаражат бөлсек, оны игеретін компания қазақстандық болуы керек. Ол ақшаға сатып алынатын тауарлар мен материалдар да Қазақстанда шығарылуы керек. Болды, оп-оңай қағидат», – деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ, ол Қазақстанда өндірілетін тауарларды шетелден сатып алуды мемлекет мүддесіне қайшы әрекет деп бағалады.
«Егер Қазақстанда қандай да бір тауар бар болса, біз оны сатып алмай, импорттап алып келетін болсақ, бұл – мемлекет мүддесіне қайшы келетін әрекет. Мұны үзілді-кесілді айту керек», – деді премьер-министр.
Осыған байланысты ол министрлер мен өңір басшыларын отандық өнімді қолдау қағидатын басшылыққа алуға шақырды.
Жалпы үйлестіру мен қадағалау премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.