16 Сәуір 18:15

Оңтүстік өңірлерді де су тасқыны мазалай бастады

Оңтүстік
Фото: gov.kz

Күннің көзі күрт жылып, оған қоса көктемгі жауын-шашынның жиілеуі еліміздің оңтүстік аймағына да тасқын қаупін төндіре бастады.

Толассыз жауған жаңбыр салдарынан кеше түнде Жамбыл облысындағы Жасөркен ауылына қызыл су келсе, Түркістан облысы, Кентау қаласында да 3 тұрғын үйді су басып, бір ғимараттың жертөлесіне су толып кеткен. Ал бүгін таң азаннан Алматы қаласына жауын жауып, қалаішілік өзендердегі су көлемі көбейе түсті.

                                                           Талас тасымасын десек...

Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласына өте жақын орналасқан әрі трансшекаралық Талас өзені бойындағы Жасөркен ауылына қызыл су іргелес жатқан тау сағаларынан келген. Өңірде күні бойы жауған жаңбырдың салдары осындай жағдайға жеткізді.

Сағат шамамен 22.00 шамасында жасөркендіктердің түнгі ұйқысын бұзып, тосыннан келген тасқын су жергілікті жұртшылықтың үрейін алғаны рас. Өйткені ауылдан небәрі оншақты-ақ шақырым қашықтықта, қазақ-қырғыз шекарасының арғы бетінде тұрған 550 млн текше метрлік Киров су қоймасы (Қырғыз Республикасына тиесілі) бұған дейін де төңіректегі тұрғындарды бірнеше мәрте мазалағаны рас. Тасқын су осы алып қоймадан тасып, Талас өзені арнасынан асып кетті ме деген күдік тұрғындардың есін алған. Абырой болғанда адам шығыны болған жоқ.

Жергілікті атқарушы билік, тиісті құрылымдарды дер кезінде ұйымдастырып, үлкен апаттың алдын алды. Тіпті облыс әкімі Е.Қарашөкеевтің өзі оқиға орнына барып, тұрғындарды сабырға шақырды. Әлеуметтік желідегі ресми парақшалары арқылы да облыс халқына маңызды ақпаратты жеткізді.

«Жамбыл облысының барлық су қоймалары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Олардың толып кету қаупі жоқ. Қорқынышқа бой алдырмай, тек ресми дереккөздерге сенулеріңізді сұраймын. Облыстың барлық су қоймалары штаттық режимде жұмыс істейтінін, олардың толып кету қаупі жоқ екенін растаймын. Сондай-ақ, қазіргі уақытта ТЖД-мен бірлесіп Жамбыл ауданы Жасөркен ауылында жұмыс жүргізіп жатқанымызды хабарлаймын. Мұнда толассыз жауған жаңбыр мен көлбеу ағындардың пайда болуы салдарынан 30-дан астам ауланың аумағы су астында қалды. Оқиға орнында барлық жауапты мекемелер жұмыс істеуде, қажетті техника жұмылдырылған, су сорылып жатыр. Жағдай менің жеке бақылауымда», делінген аймақ басшысының жамбылдықтарға түнде жолдаған шұғыл үндеуінде.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір Жасөркендегі жағдай тұрақталып, тұрғындар қалыпты тіршілігіне кірісіп кеткен. Ал жауапты жауапсыздар бүгін тиісті тәртіптік жазасын алды.

Дегенмен, «Жау жоқ деме, жар астында» демекші, Киров су қоймасы кемеріне келіп, апаттық деңгейге жетпес үшін қауіпсіздік мақсатында Қырғыз тарапы артық суды Таласқа ағызып жіберетін әдеті бар. Соның салдарынан ол су Таластың бойындағы ауылдардың шетін шайып, сонау төменгі ағысындағы елді мекендерге де жететін. Әрине, біздің елге алдын-ала ескертуді ұмытпайды. Бірақ ескерткенімен, ағыны қатты асау өзеннің қанша қамданса да адамға бой бермей кететіні бар. Сондықтан жамбылдық төтенше жағдай қызметі мен су шаруашылығы қызметі мамандарына жазға дейінгі вегетациялық кезеңге жеткенше босаңсуға болмайды. Өйткені алқап суару уақыты басталғанда Қырғызстан тарапы өздері-ақ Кировтың құлағын қысып, тіршілік көзін үнемдеуге көшеді.

Сондықтан дәл қазір жамбылдықтарға Талас өзені тасымасын деп күндіз-түні тілеу ғана қалып тұр. Өйткені онда биыл жауын да аз жауып жатқан жоқ.

                                                              Алматыдағы ахуал

Ал оңтүстік астанамыз Алматының іші де жауын көп жауса астаң-кестең болып кететіні бар. Алатаудың баурайын қапталдай орналасқан алып қаланың арасымен Үлкен Алматы және Кіші Алматы, Ақсай, Қарғалы сынды төрт шағын өзен ағып өтеді.

Бүгін әлеуметтік желіде жарияланған таудан құлап ағатын Есентай өзенінің бойындағы лай араласқан асау толқындар алматылықтардың үрейін ұшырды.

Дегенмен қалалық төтенше жағдай департаменті су көлемінің бұл номасына болмашы деген баға беріп, үрейленуге негіз жоқ дейді.

«Өзендерден аққан суда су көлемінің аздап арта түскені байқалды. Сондай-ақ артық су жылғалардан қосылғандықтан оның лайлануы 2 балды көрсетті. Қазіргі таңда «Қазселденқорғау» ММ-нің Алматы аумақтық пайдалану-техникалық басқармасының аталаған өзендердегі гидрометеорологиялық жағдайды тәулік бойы бақылайтын 10 гидробекеті жұмыс істеп тұр», делінген Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сондай-ақ қалалық ТЖД мен «Қазселденқорғау» мамандары мегаполистегі өзендердегі жағдай бірқалыпты деп отыр.

Естеріңізге сал кетсек, бүгін таңға жуық басталған жауын 17 сәуірге дейін жаууы мүмкін деген болжам бар. «Қазгидромет» РМК мәліметіне сүйенсек, таңғы 9.00-дегі жағдай бойынша қала аумағында 14 миллиметр жауын түскен. Ал «Медеу» мұз айдыны маңындағы жаңбыр мөлшері – 21 миллиметр, Каменск үстіртіндегі деңгей 28 миллиметрге жеткен.

                                                 Кентаулықтарды алаңдатқан тасқын

Түркістан облысында да тоқтаусыз жауған жаңбыр да жұртты тыныш қоя қоймапты. Бұл өңірде Кентау қаласы көшелеріне су кіріп, 3 тұрғын үйді басқан және бір ғимараттың жертөлесіне су толып кеткен. Қаладағы бұл жағдай әлеуметтік желілерде лезде тарап үлгерді.

Дегенмен облыс басшылығының хабарлауынша, жиналған су құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің шұғыл әрекетінің арқасында арнайы техникалардың көмегімен сыртқа шығарылған.

Кентау қалалық әкімдігінің хабарлауынша, бұл жұмыстарға ТЖД құрылымдарынан – 32 адам, 6 техника, 2 мотопомпа, жергілікті атқарушы органдардан – 17 қызметкер, 3 техника, 2 мотопомпа жұмылдырылыпты.

Ал «Казгидромет» кәсіпорны алдағы уақытта еліміздің басым аймағында күн күрт жылынып, жауын-шашын көбейіп, «15-19 сәуір аралығында Ақмола облысынан бүйірлік ағындардың (Терісаққан, Жабай және Қалқұтан өзендері) келуіне байланысты, Есіл өзені бойындағы Ғ.Мүсірепов, Шал ақын және Есіл аудандарында су деңгейінің көтерілуі (су тасқынының екінші толқыны) және қауіпті деңгейден асуы күтілуде» деп мәлімдеді.